Мақсат – ауылдықтардың табысын арттыру

Мақсат – ауылдықтардың табысын арттыру

Қостанай облысында «Ауыл Аманаты» шағын несиелеу бағдарламасы жүзеге асырылуда. Микрокредиттер ауыл тұрғындарына өсімдік шаруашылығын, мал шаруашылығын дамыту немесе жаңа бизнес идеяларды қолдау және техника сатып алу үшін қолайлы шарттармен беріледі.

Ауыл тұрғындарына, әсіресе, атаулы әлеуметтік көмек алушылар мен табысы төмен адамдардың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік жасалған. Бағдарлама жайында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Максим Устинов пен облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Орал Нұрғазин арнайы өткен брифингте айтып берді.

«Ауыл Аманаты» ауыл халқының табысын арттыру бағдарламасы пилоттық жоба. Жобаны жүзеге асыруға Қостанай облысына 400 микрокредит алу үшін 1,6 млрд теңге бөлінген. Аталмыш бағдарламаны түсіндіріп, халыққа ақпарат жеткізу мақсатында әр ауылдық округке жауапты мамандар тіркелген.

–Несие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша 7 жылға дейін. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз. Мұндай несиенің халыққа пайдалы болары анық. Мәселен, бүгінде бірде-бір коммерциялық банкте ауыл тұрғындарында мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Арнайы талаптарға сай болса, кепілдікке сол алған қаражат көлемінде мүлікті қою қажет. Ол тек өз атында ғана емес елімізде тұратын туысқанының атындағы мүлікті де қоя алады. Несие тиісті құжаттарды тапсырған соң  негізгі 4 бағыт бойынша беріледі, – дейді Орал Нұрғазин.

Аудан әкімдіктерінің деректеріне сәйкес бүгінгі күні барлығы 1207 несие алушы ниет білдірген. Оның ішінде мал шаруашылығы 922, өсімдік шаруашылығы 37, кооперативтер құру және жарақтандыру 15, өз бизнесін ашу 233 қарыз алушы құжат тапсыруды жоспарлап отыр. 398 қарыз алушыдан несиелеу үшін құжаттардың толық тізімі жиналды.

 

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Жаңалықтармен бөлісу