“Жүгенсіз” жүргізушілерге тосқауыл бар ма?

“Жүгенсіз” жүргізушілерге тосқауыл бар ма?

Жол-көлік қозғалысына қатысты қайғылы хабарлардың азаяр түрі жоқ. Әлеуметтік желілерді ашып қалсаңыз да, теледидарды қосып қаласаңыз да жол апатына қатысты көңіл құлазытар ақпарат қарсы алдыңнан атып шығады. Құқық қорғау органдары жол ережелерін сақтауға баса көңіл бөлгенімен нәтижесі мардымсыз. Жол апаттарының азаймауына не себеп? Әлде, сіз бен біздің жауапкершілігіміздің төмендігі ме, жолаушы?

Қостанайлық полицейлер былтыр облыс орталығынан 187 мыңнан астам жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін анықтаған. Нәтижесінде, 1,8 млрд теңге сомасында айыппұл салынды. Мың жарым мас жүргізушісі ұсталып, 1099 жүргізуші көлік жүргізу куәлігінен айырылған және 1403 азамат қамауға алыныпты. Сондай-ақ, 129 жүргізуші мас күйінде қайтадан көлік тізгіндеген. Заңға бағынбаған “жүгенсіз” жүргізушілер қылмыстық жазаға тартылып, 123 азамат белгіленген мерзімде бас бостандығынан айырылған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте сөз болды. Брифингке облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Алексей Милюк қатысып, ағымдағы жағдайды баяндады.
– Биыл 17 мас жүргізуші қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Көлік жүргізу құқығы жоқ немесе куәліксіз жүрген 7,5 мыңнан астам азамат анықталды. 1226 көлік айыппұл тұрағына қойылды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, жол апаттарының көрсеткіші төмендеген, – деді Алексей Милюк.
Жыл басталғалы бері Қостанай қаласының аумағында екі мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Орташа есеппен күн сайын 25-30 жол-көлік оқиғасы орын алады деген сөз. Полиция департаментінің дерегіне сәйкес, әрбір үшінші жол апаты қаланың орталығында тіркеледі. Сондай-ақ, Қайырбеков, Абай, Баймағамбетов, Майлин, Назарбаев сияқты ірі көшелерде жол апаттары жиі орын алады.

 

Қымбат ДОСЖАНОВА.

Жаңалықтармен бөлісу