Резиденция балалар игілігіне беріледі

Резиденция балалар игілігіне беріледі

Облыстық психоневрологиялық ауытқуға ұшыраған және тірек-қимыл қозғалысына зақым келген балаларға арналған реабилитациялық орталыққа бейімделуі тиіс өңірлік резиденциясына баспасөз туры ұйымдастырылды.

Бұған дейін Мемлекет басшысының тапсырмасыма сәйкес облыс әкімдігінде арнайы жұмыс тобы құрылған болатын. Оның шешімімен аймақтық резиденцияны психоневрологиялық ауытқуға ұшыраған және тірек-қимыл қозғалысына зақым келген балаларға арналған Реабилитациялық орталыққа бейімдеу туралы шешім қабылданды.

Резиденцияны реабилитациялық орталыққа айналдыру мақсатында жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылады. Бөлінген қаражатқа ғимаратты мүмкіндігі шектеулі балаларға бейімдеу, реабилитациялық құрал-жадықтармен қамтамасыз ету іспетті жұмыстар атқарылады. Бірақ мамандардың айтуынша, әлі де атқарылатын жұмыстар көп, сондықтан оңалту орталығының нақты қай уақытта ашылатынын белгісіз.

«Биыл ғимаратты қайта жабдықтау үшін жобалау-сметалық құжаттарға тапсырыс беріліп, құрылыс-монтаждау жұмыстары да ертерек басталатын болады. Резиденция аумағында барлығы 6 тұрғын үй және санитарлық корпус орналасқан, олар мүгедектігі бар адамдардың ыңғайына сай жаңартылатын болады. Сондай-ақ, іргелес аумақты абаттандыру жоспарлануда. Ең үлкен ғимаратта арнаулы әлеуметтік қызметтер, оның ішінде әлеуметтік-педагогикалық (психолог, логопед, дефектолог, тәрбиешілер), әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-медициналық (дәрігерлер, медбикелер, емдік дене шынықтыру, массаж, жүзу жөніндегі нұсқаушы), әлеуметтік-еңбек (еңбек терапиясы жөніндегі нұсқаушы) қызметтер көрсету үшін кабинеттер орналастыру жоспарланған, – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары  Әлия Мекебаева.

Қалған тұрғын үй ғимараттары мүгедектігі бар балалар мен олардың күтімімен айналысатын тұлғаларды орналастыру үшін пайдаланылатын болады. Санитарлық корпусты сумен емдеу бөліміне бейімдеу жоспарланған.

Оңалту орталығы оңалту іс-шараларымен қамтуды арттыруға ықпал етеді деп күтілуде. Жыл сайын 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар 900 бала оңалтудан өте алады.  Жаңа орталықта сауықтыруға және әлеуметтік-оңалту іс-шараларына бағытталған қажетті арнаулы әлеуметтік қызметтер кешені көрсетілмек. Оңалту мерзімі 14 күннен 21 күнге дейін ұзартылады.

Бүгінде халықты әлеуметтік қорғау саласындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту Қостанай облыстық оңалту орталығында ғана жүргізіледі.

Қостанай қаласындағы балалар бөлімшесі 2021 жылдың қыркүйек айында ашылған болатын.  Былтыр 191 бала 14 күндік оңалту курсынан өтті. Бұл біздің өңір үшін аздық етуде.

Айта кету керек, облыста психоневрологиялық патологиясы бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған 2 мыңға жуық бала бар.

 

Шұға ҚОҢҚАБАЙ.

Жаңалықтармен бөлісу