«Жас тұлпар» облыстық оқушылар айтысы өтті

«Жас тұлпар» облыстық оқушылар айтысы өтті

Арқалықта Халық ақыны Нұрхан Ахметбековтің туғанына 120 жыл толуына орай «Жас тұлпар» облыстық оқушылар айтысы өтті. Айтыстың ашылу салтанатында қала әкімінің орынбасары Мешітбай Қайыржанұлы құттықтау сөз сөйлеп, жас ақындарға сәттілік тіледі.

Қостанай облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен, облыстық халық шығармашылығы мен кино бейнеқор орталығының ұйымдастыруымен өтетін дәстүрлі шара осымен 31 – ші мәрте өткізіліп отыр.

Жыр додасы бұған дейін Ы. Алтынсарин, А. Байтұрсынұлы сынды қазақтың біртуар ұлдарының еңбегін ұлықтаса, биыл Халық ақыны Нұрхан Ахметбековтің 120 жылдығына арналып отыр.

Шараның мақсаты – болашақ ұрпаққа айтыс өнерін жеткізу, оқушылардың шығармашылық қабілетін арттыру, ақындығын дамыту, Халық ақыны Нұрхан Ахметбековтің мұрасын дәріптеу, өз ойын поэзия тілімен шебер жеткізе алатын жас ақындарды анықтау.

«Бүгін Арқалық қаласында дүбірлі той. «Жас тұлпар» атты оқушылар айтысы өтіп жатыр. Өте қуаныштымыз. Әкеміздің ізін жалғастырушылар өте көп екен. Нұрхан ақынды жырлаған Қонысбай болса, одан кейінгі інілеріміз Айбек, Марғұлан, Батырлан жалғастырып келеді. Осындай жас ақындар, жас буындар жырлап жатқанда әкеміздің ақындық жолы ешқашан өшпейді деп ойлаймын.  Таланттарымыз өсіп, өркендей берсін. Келешекте олардың арасынан жақсы ақын шығып, ел-жұрттың мақтаны бола берсін. Ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз. Өте жақсы өтіп жатыр. Бұл атамыздың 120 жылдығына арналып өтіп отырған алғашқы іс-шара. Игі іс жалғасын таба берсін», – дейді Нұрхан ақынның ұрпағы Тойғанбол Нұрханов.

Жыр додасында облысымыздың әр өңірінен 9 жас ақын бақ сынап, айтыстың ақтаңгері Айбек Қалиев бастаған қазылар алқасының шешімімен бас жүлде (жүлде қоры 100 мың теңге) мен Нұрхан Ахметбеков атындағы арнайы жүлде (100 мың теңге) Арқалықтың жас таланты Нұрислам Рағатовқа табыс етілді. Ал, Б.Майлин ауданынан келген Әмин Перизат I орынды (80 мың теңге), Қостанай ауданының ақыны Шұғыла Аманбек II орынды (60 мың теңге), Жітіқара ауданынан Жанерке Сейсенбай мен Қостанай қаласының намысын қорғаған Дінасыл Бақытбек III орынды (40 мың теңге) олжалады. Жанкелдин ауданынан келген Таңжарық Ниязбек болса Ғұмар Ахметчин атындағы арнайы жүлдеге лайық деп танылды.

Сондай – ақ, Қостанай ауданы, Еңбек ауылынан келген Аяжан Болат, Рудный қаласынан Қарақат Сәбитбекова, Жанкелдин ауданынан қатысқан Шыңғысхан Тұрсынхандар ынталандыру сыйлықтарына (20 мың теңге) ие болды.

Орайы келгенде айта кетсек,  «Жас тұлпардың» жас жүйрігі Нұрислам Рағатов алдағы уақытта Қызылорда қаласында өтетін республикалық айтыста облыс намысын қорғайтын болады.

 М.ЖҮНІСҰЛЫ.

Суреттерді түсірген автор.

Арқалық қаласы.

Жаңалықтармен бөлісу