Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына отыз бес жыл.
Осыған орай, қостанайлық ардагерлер, партия өкілдері мен әскерилер Жеңіс саябағындағы интернационалист-жауынгерлерге арналған ескерткішке гүл шоғын қойып, бір минуттық үнсіздікпен еске алды.
Ауған соғысы туралы қоғамда әртүрлі пікір қалыптасқан. Бұл соғыстың халықаралық, саяси, идеологиялық, әлеуметтік-экономикалық және әскери аспектілерді қамтылғаны айтылады. Тарихшылар Кеңес әскерлері шектеулі контингентінің Ауғанстанға кіруінің қыры мен сырын жан-жақты талдады. Яғни, Кеңес әскері кіргенге дейінгі Ауғанстандағы әскери-саяси жағдай, Сәуір төңкерісі нәтижесінде жаңа үкімет басына келген басшылықтың наразылыққа тап болуы ретінде қарастырылады.
Десек те, сол кезде Кеңес үкіметінің құрамында болғандықтан, соғысқа қатысқандарды жазғыруға әсте болмас. Олар әскери борышын өтеді. Майданнан оралған соң да көптеген жігіттер Ауғанстанда соғысқанын жасырып, өзге елде болдық деп айта алмай келді. Тек егемендік алған соң ақтаңдақтар жазылып, айтыла бастады. Соғыстың аты соғыс. Көптеген отбасы қайғы құшты. Елге мүгедек күйде оралғандары қаншама. Дерекке сүйенсек, Қазақстаннан 22 мыңнан астам жауынгер тартылған, оның 889-ы қазаға ұшырады. Сондай-ақ, 3 мыңнан астам қазақстандық ауған соғысынан мүгедек болып оралды. Ал, Қостанай облысынан 1864 адам барса, елуге жуық азамат оралмады. Ал бүгінде олардың тек 800-ден астамы тірі. Мемлекеттен азын-аулақ жәрдемақы төленеді.
Еске алу іс-шарасына жиналғандар ерлік көрсеткен, жанын қиған жауынгерлер әрдайым есте сақталу керектігін айтты. Қостанай қалалық мәслихатының төрағасы Омарғали Байғабылов жастарға патриоттық, тәрбилелік тұрғыдан насихатталуы керек деген пікірде.
“Бұл күн бір жағынан мереке болса, екінші жағынан біздің көптеген жерлесіміз соғыста қаза тапты. Оларды ұмытпаймыз, сіздер барда ерлігі әрқашан насихатталады. Сіздер Антқа адалдық танытып, батылдық, табандылық көрсеттіңіздер. Отбасыларыңызға амандық тілеймін”, – деді Омарғали Байғабылов.
Қазақстан Республикасының ҰҚК Қостанай облысы бойынша Шекара қызметі департаменті бастығының орынбасары Айдын Баймұхамбетов тәжік-ауған шекарасында қазақстандық шекарашылар мүлтіксіз қызмет атқарғанын жеткізді.
“Тәуелсіз мемлекеттер достығының сыртқы шекарасын бірлесіп күзету мемлекет басшыларының келісіміне сай жүргізілді. Басым бөлігі шекарашылардан жасақталған қазақстандық дербес атқыштар батальоны тәжік-туған шекарасына 1993 жылғы мамырдан 2001 жылдың ақпанына дейін мүлтіксіз қызмет атқарды. Жиырма жылға жуық уақыт біздің сарбаздар 100 шақырымды алып жатқан Ауғанстан шекарасын қорғады. Қазақстандық сарбаздар соңғы демі қалғанынша антына адалдық танытты. Ерлікпен қаза тапқан жауынгерлер біздің мәңгі есімізде”, – деді Айдын Баймұхамбетов.
Қалалық ардагерлер кеңесінің ғимаратында естелік төсбелгілер табысталған еді. Облыста дәл осындай мерекелік медальмен үш жүзге жуық майдангер марапатталады.
Баязид Есмұхамбетов Сарыкөл ауданынан 1979 жылы әскерге шақырылған. Кейін 1980 жылдан 1982 жылға дейін ауған соғысына қатысқан. Үш ай оқу – жатығуынан өткен соң, Ташкенттен Ауғанстанға жіберілген.
“Біз қайда және не үшін бара жатқанымызды білмедік. Тек барғанда ғана соғыс болып жатқанын айтты. Борышымызды Ауғанстанның солтүстік Құндыз қаласында жалғастырдық. Онда механик-жүргізуші болдым. Көліктер тізбегін қорғадық, жарақат алғандарды тасыдық. Замандастарымыздан айырылған сәттер болды. Бірде 4 техникамен кетіп бара жатқанда, шабуылға тап болдық. Екі көлікте жарақат алғандар отырған. Біз 14 адам едік, төртеуі сол жерде қаза тапты. Шама-шарқымызша жарақаттанғандарды алып шықтық. Соғыстың аты соғыс, ешкімді кінәлай аймайсың”, – деп естелігін бөлісті ардагер.
Майданнан оралған ардагерлер бүгінгі жастар бейбіт күннің қадірін білсе екен дейді. Жанат Оразалин қарапайым әскери борышты өтеу болып саналғанымен, қан майдандағы жағдай мүлдем басқа екенін айтады.
“Біз оны әскери борышымызды өтеу деп есептедік. Басқа жол жоқ еді. Жас болсақ та жағдайды толық сезіндік. Бар білетініміз жауынгер болған соң, бұйырықты бұлжытпай орындау керек. Қарағандыда 208-ші команда болып оқу-жаттығудан өткен соң, Ауғанстанның Құндыз қаласына бардық. Сол жерде бәрімізді бөлді. Мені Тасқорған қаласына жіберді. Онда алғашқы жылы 122-ші полк, бірінші батальон құрамында болып, газ зауытын қорғадық. Бір жылдан соң автомобиль ротасына ауыстырған. Ондағы қызметіміз әскерилерді материальдық қамсыздандыру. Екі қақтығысқа қатыстым. Майдан алаңын тазарту жұмыстарын жүргіздік. Бізге әрқайсымызда бір оқ, бір граната болуы керек деп үйретті. Өйткені ең жаманы тұтқынға түсу болатын. Кетуімізге бір ай уақыт қалғанда жолдастарымыздан айырылып қалдық. БТР-мен кетіп бара жатқанда гранатамёт түсіп, ішіндегілердің барлығы қаза тапты. Біреуі рудныйлық жігіт еді. Жылда жақындарына барып, еске алып тұрамыз. Солай болуы керек шығар деп қабылдадық. Қолдан келер шара жоқ. Ендігі тілегім жастар егемендіктің бағасын білсе екен. Болған барлық жағдайды айтудың өзі бізге ауыр тиеді. Уақыт емші дейді. Бірақ жүректегі жара ешқашан жазылмасы анық. Ол жерден аман келудің өзі бір бақыт”, – дейді Жанат Оразалин.
Отыз бес жылдыққа арналған іс-шаралар легі “Мирас” мәдениет үйіндегі концертпен жалғасты. Бірқатар ардагерлерге медальдар мен облыс әкімінің Құрмет грамоталары табысталды.
Әскери-патриоттық әндер шырқалды.
Қостанай қалалық мәслихаты 35 жылдыққа орай 50 АЕК көлеміде бір жолғы әлеуметтік көмек көрету мәселесін қарастырып жатыр.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ,
Айбол ӨМІРТАЙ