Бейімбет Майлиннің 130 жылдығына арналған жылдық көрме ашылды

Бейімбет Майлиннің 130 жылдығына арналған жылдық көрме ашылды

 Л.Толстой атындағы ғылыми әмбебап кітапханасындағы мазмұнға бай сөрелерде тұлғаның шығарма жинақтарымен қатар, зерттеушілердің еңбектері, мақалалары мен очерктері қойылған.

Көрменің ашылу салтанатында оқырман назарына тұлға туралы әртүрлі мағлұмат ұсынылды. І.Омаров атындағы қазақ драма театрының актері Нұрлан Байшин «Қаламгер» спектакліндегі Бейімбет Майлиннің монологын оқыса, Е.Өмірзақов атындағы филармония әншісі Айжан Санай халық әнінен шашу шашты. Кітапхана ішінен құрылған «Ақ қауырсын» үйірмесінің мүшелері Биағаңның өлеңдерін оқып берді.

Филология ғылымдарының кандидаты Күлзада Мырзағалиева көрнекті жазушының әдеби мұрасы жайында кеңінен баян етті.

«Бейімбет он беске тарта повесть, бұған қоса «Азамат Азаматович» атты роман жазған қаламгер. Оның «Қызыл жалау», «Қоңсылар» атты романдары аяқталмай қалған. Мұның сыртында ол ірілі-ұсақты 25 пьеса, либретто, сценарийлердің авторы. Бейімбет Майлиннің шығармалары қазақ әдебиетін барлық салада байытқан рухани асыл қазына ретінде халқымен мәңгі бірге жасайтын болады», – деп ғалым суреткердің шеберлігін де айтып өтті.

Әдебиеттегі жиынтық бейне деңгейіне көтерілген Мырқымбай образы туралы да сөз етілмей қалған жоқ.

«Мырқымбай образының сәттілігі, тартымдылығы көп жағынан ақынның нақ осы мейірбан, әзіл-мысқылына байланысты. Жазушы бұрын табан астынан қараңғы кедейдің замана үрдісіне ілесіп, еркіндікті сезініп, ел қатарына қосылу барысын шынайы, нанымды, тартымды бейнелейді. Оның атының өзінде жинақталған ұғым, астарлы мағына бар. Қазақтар елеусіз, ескерусіз біреуді «Мырқымбай ғой, Мырқымбайлардың бірі еді» дейді.

Мырқымбай жүздеген Мырқымбайлардың 20-жылдардағы қат-қабат өзгерістер барысындағы тағдыр-талайының мәнді белгілері іріктеліп жасалған ортақ бейнесі. Ауылда болып жатқан өзгерістер Мырқымбайды айналып өтпейді, оның мінезінен де, түсінігінен де көрініс табады», – дейді К.Мырзағалиева.

Кітапхана қызметкерлері жинақтаған көрме жыл бойы тұрады. Ол жерде кез келген адам Биағаң өмірі мен шығармашылығы жөнінде көп мәліметке қанығады. Көрмеге 84 кітап, 9 журнал, 17 газет қойылған. Кітапханашылар көрмеде жоқ тың деректер болып жатса, қорға кіргізіп, оқырман қауымға ұсынуға әзір.

Асыл ҚАСЫМ

Суреттерді түсірген – Айбол ӨМІРТАЙ

Жаңалықтармен бөлісу