Ауданы кеңейіп, қызмет сапасы жақсарады

Ауданы кеңейіп, қызмет сапасы жақсарады

Әуе тасымалымен қатынайтын жолаушылардың қону қызметінің сапасын жақсарту кезек күттірмейтін мәселе. Өңіріміздегі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы халықаралық аэровокзалды кеңейтуге жаңа жоба қолға алынған болатын. Әсіресе, ұшып келу залының аумағын үлкейтіп, жаңадан телескопиялық трап салу көзделген. Яғни, жолаушылар бұдан былай терминал ғимаратынан сыртқа шықпай-ақ, жабық өткелмен ұшаққа бір-ақ кіреді.

Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов әуежай басына барып, аталған жұмыстардың барысымен танысты. Аэровокзалдың қазіргі ауданы 5,2 мың шаршы метр. Болашақта нысан аумағы 8,7 мыңға дейін ұлғаяды. Жоба құны 3,2 млрд теңге. Ал қону залының жолаушыларды қабылдау мүмкіндігі сағатына екі жүзден 250 адамға дейін артпақ.

– Бұдан бөлек, жоба бойынша жүктерді беру, паспорттау бөліктері қатарлы технологиялық жабдықтар орнату көзделіп отыр. «SHEBERBUILD» ЖШС (Алматы) мердігер мекемесімен келісім-шарт жасалған, қазіргі таңда инженерлік желілерді тарату жұмыстарына кірісті. Байланыс, канализация, су құбыры және жылу трассасы желілеріне қажетті материалдар әкелініп қойған, – деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Олжас Нұрғалиев.

Әуежайдың жолаушылар келу залы осыдан жиырма жыл бұрын салынған. Нысанда технологиялық процестер жүргізілмейді, ешқандай талапқа сай емес.

– Біздің аэровокзалдың бір мезетте екі рейсті қабылдайтын қауқары жоқ. Келген жолаушыларға отыратын орын жетіспейді. Паспорт бақылау орнына дейін адам сыймай кетеді. Жолаушылар далада тұруға мәжбүр. Жүктерді беретін талапқа сай жүйе жоқ. Ал құрылыс жұмыстарынан кейін техникалық қызмет көрсету сапасы артатын болады, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Аймақ басшысы жауаптыларға құрылыс жұмыстарын биылғы қараша айына дейін аяқтауды, сондай-ақ, келер жылы тағы да бір телескопиялық трап салуды тапсырды.

 

Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.

 

 

Жаңалықтармен бөлісу