Атаулы әлеуметтік көмек алушылар 40 пайызға төмендеді

Атаулы әлеуметтік көмек алушылар 40 пайызға төмендеді

Жұмыс орындарын құру, халықты жұмыспен қамтуға тарту бойынша қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде өткен жылдың қорытындысы бойынша атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 2 379 отбасыға дейін (2023 жылғы 3 964 отбасы) азайған.
Осы және өзге де еңбекке орналастыру мәселелері жөнінде аймақ әкімдігінде өткен жиында Қостанай облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлнар Әбенова баяндады.

Айталық, өткен жылы 40 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылған. Оның 36,5 мыңы тұрақты орындарға тұрған екен. Сондай-ақ, екі қолға бір күрек іздегендерге, оның ішінде жастар мен егде жастағы адамдарға мемлекет субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру арқылы қолдау көрсетуде.

Мәселен, өткен жылы 4 116 адам субсидияланатын жұмыс орындарына қабылданған. Жұмыс тәжірибесі жоқ оқу орындарының түлектері үшін «Жастар практикасы», «Ұрпақтар келісімшарты» және «Алғашқы жұмыс орны» арнайы жобалары іске асырылып отыр. 50 жастан асқан жұмыссыздарға арналған «Күміс жас» жобасы бар.

«2024 жылы Өңірлік карта шеңберінде 48 145 азаматты жұмыспен қамтуға жәрдем көрсетіліп, жоспар 110,2% орындалды. Барлық өңірлер белгіленген жоспарлы көрсеткіштерді орындады. Жұмыспен қамту органдары арқылы көмек алғандардың қатарында: ауылдық жерлердің тұрғындары – 22 мың, жастар – 13 мың, әйелдер – 15 мың. Шамамен 2,5 мың адам – мүгедектігі барлар мен аз қамтылған және көп балалы адамдар. Халықты жұмыспен қамту шараларына 3,4 млрд теңге бағытталды. Бірінші кезекте жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыру бойынша шаралар қабылдануда», – деді басқарма басшысы.

Өткен жылы 11 колледж, 2 оқу орталығы базасы мен 38 жұмыс беруші тарапынан 420 адам сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарға оқытудан өткен.

«Сондай-ақ, кәсіпкерлік бастамаларды дамытуға қолдау жөніндегі іс-шаралар шеңберінде халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан адамдарға жалпы сомасы 287,4 млн теңгеге жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға өтеусіз гранттар (400 АЕК-ке дейін, 2024 жылы – 1 млн 476,8 мың теңгеге дейін) берілді. Халықты жұмыспен қамту құрылатын жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру арқылы да қамтамасыз етіледі. 2024 жылы облыста 19 мыңнан астам жұмыс орны құрылды, оның 69%-ы тұрақты жұмыс орындар», – деді Гүлнар Әбенова.

Биыл халықты жұмысқа орналастыруға ықпал ету, сұранысы бар кәсіптерге оқыту, кәсіпкерлік бастамаларды дамытуға қолдау жөніндегі іс-шаралар жалғасады. Жалпы, 42,8 мың адамды жұмыспен қамту жоспарлануда, соның ішінде 38 мыңнан астам адамның жұмысқа орналасуына жәрдем көрсетілетін болады.

Халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, азаматтарды жұмыспен қамту олардың табыстарын арттырумен тығыз байлансыты екенін белгілі. Осы салаға айрақша көңіл бөлініп отыр. Жыл сайын халықты жұмыспен қамту саласындағы іс-шараларды жүзеге асыруға 4 млрд теңгеге жуық қаражат бөлініп келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 48 мыңнан астам азаматтың жұмысқа орналасуына көмек көрсетілді. 19 мыңнан астам жұмыс орны ашылса, оның ішінде 13 мыңы – тұрақты жұмыс орындары. Көптеген жұмыс орындары индустриялық секторда және агроөнеркәсіп кешенінде инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен ашылып отыр.

«Мәселен, өткен жылы металлурргия, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп салаларында, сондай-ақ, аграрлық секторда жобаларды іске асыру есебінен 1,7 мың жұмыс орны ашылды. Биыл индустриалдық секторда 8 жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 3,4 мың жұмыс орны құрылмақ. Агроөнеркәсіп кешенінде де инвестициялық жобаларды жүзеге асыру есебінен ашылғалы отырған жаңа жұмыс орындары аз емес. Бұның барлығы оң көрсеткішке бастайтын науқан. Мәселен, соңғы екі жылда өңірімізде жалдамалы жұмысшылар саны 9 мыңға артып, 329 мыңға жетіп отыр. Сонымен қатар, өткен жылы жұмыссыздық көрсеткіші 4,6 пайызға азайды. Азаматтарды жұмысқа орналастыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, гранттар, несиелер беру, оқыту бойынша жүзеге асырылған іс-шаралардың арқасында тұрғындардың әл-ауқатын арттырып отыр», – деді аймақ басшысы Құмар Ақсақалов.

Облыс әкімі сонымен қатар шағын және орта бизнесті қолдау шаралары да қарқынды екенін атап өтті. Соның ішінде аймағымыздың оңтүстік өңірлеріндегі кәсіпкерлерді бір пайыздық несиелік қаржыландыру бағдарламасы жалғасып келеді.

Былтыр Арқалық, Аманкелді, Жанкелдин өңірлеріне жалпы сомасы 1 млрд теңгеден асатын 27 кредит берілген. Несиенің басым бөлігі ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталды. Алдағы уақытта да осы жұмыстар жалғаса беретінін жеткізді.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суреттерді түсірген – Бердіболат Көркембаев

Жаңалықтармен бөлісу