Қостанайдағы спорт мектебі жаңа келбетке енеді 

Қостанайдағы спорт мектебі жаңа келбетке енеді 

Облыста спорттық инфрақұрылымды дамыту қарқынды жүргізіліп келеді. Өткен жылы бес жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылса, биыл тағы алты нысан пайдалануға берілмек.

Бүгін облыс әкімі Құмар Ақсақалов Қостанайдағы Қадырбек Оспанов атындағы спорт мектебінің қайта жаңғырту жұмыстарының барысын тексерді.

Облыс әкімі жөндеу сапасына ерекше назар аударып, нақты тапсырмалар берді.

40 жылдан астам уақыт бұрын салынған кешен соңғы 20 жылда алғаш рет толық жаңартылғалы тұр.

– Бұл кешен жаңғыртудан кейін өңір тұрғындары үшін заманауи спорттық нысанға айналады. Әсіресе, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға қолайлы жағдай жасау басты міндетіміз, – деп атап өтті өңір басшысы Құмар Ақсақалов.

Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де қолжетімді орта құруға ерекше көңіл бөлінген.

– Лифт пен пандустар орнатылып, инженерлік коммуникациялар толығымен жаңартылуда. Сонымен қатар, бассейнге заманауи сүзгілеу және су тазарту жүйесі енгізілуде, бұл спортшылардың жаттығуын барынша қауіпсіз әрі жайлы етеді, – деп жазды әкім әлеуметтік желідегі ресми парақшасында.

Жаңғыртудан кейін кешен күніне 300 адамды қабылдай алады. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 70%-ы аяқталды. Нысанды толық іске қосу осы жылдың көктеміне жоспарланған.

Жаңалықтармен бөлісу