Атама хат

Атама хат

Осы хатымды соғыс ардагері нағашы атам Тәжі Бижановтың (шын есімі Баянқұл) естелігіне арнаймын.

Сәлеметсіз бе, ата! Сізге хат жазып отырған – жиен шөбереңіз Айсұлтан. Мен 3-ші сыныпта оқимын. Сіз туралы анам айтып берді, анамды тыңдай отырып, сізге хат жазғым келді.

Ата, сіз 1917 жылдың 23 ақпанында дүниеге келіпсіз. 1938 жылы әскери қызметке шақырылып, одан ары қарай соғысқа аттанған екенсіз. Ұлы Отан соғысы жылдары (1940-1945 жылдар) 209-полк девизиясында десантник болып, кіші сержант атаныпсыз. 2-дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен марапатталғаныңызды естіп, қатты қуандым. Жеңіл жарақат алып елге аман-есен оралыпсыз. Есіміңіздің не себепті Тәжі атанып кеткенін естіп таң қалдым. Сізді емдеген емші «Ел адамдары сені Тәжі деп атап кетсе ғана бойыңдағы аурудан жазыласың» депті. Содан кейін барша жұрт Тәжі атап кетіп,  бойыңыздағы аурудан сол есімнің арқасында айыққан екенсіз. Бұл да бір тылсым ғой.

Ата, сізге айтар жаңалығым бар, сіз туып-өскен Үрпек ауылында жақында соғыс ардагерлерінің есімдері жазылған ескерткіш тақта ашылды, сіздің де есіміңіз бар. Бізге осындай бейбіт өмірді сыйлағандарыңыз үшін рақмет айтамыз! Біз сіздерді ұмытпаймыз! Мен сіз сияқты соғыс ардагерінің шөбересі болғанымды мақтан етемін. Сіздер сияқты ел қорғайтын батыр болғым келеді. Міне, менің атам осындай! Менің атам майдангер!

            Хат жазушы –жиен шөбереңіз Айсұлтан

Жаңалықтармен бөлісу