Ержүрек майдангер, ұлағатты ұстаз

Ержүрек майдангер, ұлағатты ұстаз

Торғай өңірінің  Саға ауылы тумасы, атамыз, Ұлы Отан соғысының ардагері, қарт ұстаз, партия қызметкері – Балға Кәкімұлы Шәуенов.  Атамыз Балға Кәкімұлы сонау сұрапыл соғысқа 17 жасында  аттанса, сол жылдардан бастап жазған өлеңдерін әжеміз көзінің қарашығындай сақтап артында қалған ұрпақтарына естелік ретінде кітап шығартып кеткен еді. Бар мақсаты кейінгі ұрпақ үлгі алсын деген ниетпен еді. Соның бір дәлелі атамыздың ұрпақтары жарыққа шығарған «Әке аманаты» кітабы болатын.

Кітаптың алғашқы  бетінде баласы Бәйгерей Балғаұлының «Өмір дерек» атты туындысында атамыздың өмірі туралы баяндалған еді. Атамыз Балғабай Кәкімұлы Шәуенов 1924 жылы 15 майда дүние есігін ашқан екен.  Ауқатты Шәуен Қалпақұлының өмірі – бір тарих, бір шежіре. Еліне елеулі, халқына қалаулы қария болған. Ол кісінің өзі бар кезінде атап кеткен “Шәуен көңі”, “Шәуен қоймасы” деген тамаша шабындығы мен суы мол жерлері бар.  Балғабай атамызды анасы Мендіқара мұғалімдер училищесіне жібереді. Орта білімді ұстаз боп оралған Балғабай Кәкімұлы аудандық оқу бөлімінің ұйғарымымен Саға, Байтемір, Сарысу, Тентексай бастауыш мектептерінде сабақ береді. Сабақ беріп жүріп, Балға атам Алматыға С.М.Киров атындағы университеттің филология факультетіне қазақ тілі мен әдебиет мамандығы бойынша оқуға түсіп, жақсы аяқтайды. Көзін көрген аталарымыздың айтуынша, 1943 жылдың мамыр айы болатын. Қызбелдің үстіне үйірілген шойындай қара бұлт мұнартып тұрған кез еді. «Саға»  колхозында Отан қорғауға алғашқылардың бірі болып ер азаматын жөнелткен үйлердің бірі – Шәуеновтер отбасы болатын. Әкесінің артынан іле Балға да елін фашист басқыншыларынан қорғауға аттанған ерлердің қатарына қосылды. Торғайдан жолға шыққан Қ.Төртбаев, Қ.Нәлібаев және басқа болашақ жауынгерлер ат жегілген арбамен Қостанайға апаратын қысқа жолға түсіпті. Балға атам отырған арба Қызбелдің жонымен жосылған жолға түсті. Тек «Саға» колхозының председателі Байжұман Отан қорғауға аттанған азаматтардың сол тобын сонау «Қайғы» колхозына дейін шығарып салды. Содан кейін Семиозерде тауарлы пойызға отырған олар майдан шебіне де келіп жетеді. Міне, атамның соғыстағы өмірі осылай жалғасын табады. «Варшаваны алғаны үшін» медальмен наградталады. 1945 жылы 15 март күні Висла өзенінің жағасында батальон политругі Воронов Балға Шәуеновке партия билетін салтанатпен тапсырады. Осы жылы  «Қызыл жұлдыз» ордені,  «Берлинді алған үшін»  медалімен наградталып,  Ұлы Отан соғысының ардагері атанады.

Балға  атамыз Совет Армиясы қатарында 1947 жылға дейін қызмет етеді. Содан кейін аман есен елге оралады. Балға атам мен Қатира әжемнен 9  ұрпақ өмірге келген. Одан немере, шөбере, шөпшек, неменелер таралып отыр.  Солардың бірі Балға атамның тұңғыш қызы Күлара Балғақызының жиен немересі мен боламын. Атам туралы анам көп айтады, өзім де сол кездегі болған сұрапыл соғыс туралы естіп, атам туралы көп оқимын.  Мен осындай елі үшін қызмет еткен атамның бар болғанына және Балға атамның жары Қатира әжем мен сияқты шөбересінің қолынан су ішіп, маған ақ батасын бергені үшін мақтанамын.

Қазыкен  Ақылбек,

Амангелді ауданы  Ы.Алтынсарин атындағы

жалпы білім беретін мектептің 

5 «Ә» сынып оқушысы

Жаңалықтармен бөлісу