29 мая, 2025
«Ата жолы» мол мүмкіндіктерге жол ашады

«Ата жолы» мол мүмкіндіктерге жол ашады

Бүгінгі қоғамда қандастардың тарихи Отанына оралуы өзекті тақырыпқа айналып отырғаны шындық. Бұл азаматтар үшін «Ата жолы» картасын алу маңызды. Осы жөнінде облыс әкімінің орынбасары Гүлбарам Мұсағазинадан білген болатынбыз.

– Гүлбарам Ғизатқызы, ең алдымен, «Ата жолы» картасы туралы қысқаша айтып өтсеңіз. Бұл қандай құжат және кімдерге беріледі?

– «Ата жолы» картасы – қандастарға Қазақстан Республикасында он жылға дейін тұруға мүмкіндік беретін құжат. Бұл карта жоғары білікті мамандар мен кәсіпкерлерді тарту мақсатында енгізілді. Оны шетелде тұратын этникалық қазақтар мен бұрын Қазақстан Республикасының немесе Қазақ КСР азаматтығында болған, бірақ қазір шетелде тұратын азаматтар ала алады.

– Қостанай облысында «Ата жолы» картасына деген қызығушылық қандай деңгейде екенін айта кетсеңіз, нақтырақ айтқанда қанша өтініш келіп түсті?

– Қазіргі уақытта Қостанай облысында «Ата жолы» картасына өтініш берген қандастар тіркелген жоқ. Дегенмен, біз бұл бағытта ақпараттық жұмыстар жүргізіп жатырмыз және шетелдегі этникалық қазақтарды осы мүмкіндікті пайдалануға шақырамыз.

– Бәрекелді!  Қандастар «Ата жолы» картасын алу үшін қандай құжаттар тапсыруы керек?

– Өтініш беруші жергілікті халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына немесе «Құтты мекен» мобильді қосымшасы арқылы өтініш тапсыра алады. Ол үшін біріншіден, жеке басын куәландыратын құжат болуы қажет. Паспорт немесе азаматтығы жоқ адамның куәлігі жетіп жатыр. Міндетті түрде этникалық қазақ екенін растайтын құжат талап етіледі. Егер өтініш беруші кәсіпкер немесе білікті маман болса, оны растайтын құжаттар да тіркелу керек.

– «Ата жолы» картасының иегерлері Қазақстан азаматтарымен тең әлеуметтік құқықтарға ие деп айтылды. Бұл нақты қандай мүмкіндіктер береді?

– «Ата жолы» картасы бар қандастар Мемлекеттік медициналық қызметтерді ала алатын болады. Елімізде әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларға өтініш беруге, жұмысқа орналасуға құқылы тұлға ретінде тіркеледі. Мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуға және жоғары білімге түсуге мүмкіндік алады. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін пайдалана алады. Алайда, осы жерде айта кетейін, олардың ҚР парламенті мен мәслихаттарын сайлауға және сайлануға, мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге құқығы жоқ.

– Қандастардың жұмысқа орналасуына, кәсіппен айналысуына  қандай қолдау көрсетіледі?

– Қостанай облысында қандастардың жұмысқа орналасуына көмектесу үшін бірнеше шаралар қарастырылған. Мысалы, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша олар кәсіптік оқудан өтіп, жеңілдетілген несие мен грант ала алады. Сонымен қатар, өңірімізде сұранысқа ие мамандықтар бойынша қандастарды жұмысқа тарту мүмкіндіктері қаралып жатыр. Қандастар «Ата жолы» картасымен Қазақстанда кәсіп ашып, бизнес жүргізе алады. Олар мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, жеңілдетілген несиелер мен қайтарымсыз гранттарға өтініш бере алады.

«Ата жолы» картасын алғысы келетін қандастарға қандай кеңес бересіз?

– Біріншіден, Қазақстанға қоныс аудару жоспары бар қандастарға құжаттарын алдын ала дайындауды ұсынамыз. Екіншіден, ресми ақпарат көздеріне ғана сүйеніп, құжаттарды тапсырмас бұрын жергілікті халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасымен байланысқан дұрыс. Сондай-ақ, Қостанай облысы қандастарды қабылдауға дайын екенін атап өткім келеді. Біз сіздерді тарихи Отандарыңызда күтеміз!

Қызықты әрі пайдалы ақпарат үшін рақмет! Қандастар үшін бұл өте маңызды мүмкіндік деп ойлаймын. Сізге жұмысыңызда табыс тілейміз!

 

Әзірлеген Айбек ЖҮЗБАЙ