Үш этносты біріктірген – «Ана тілі»

Үш этносты біріктірген – «Ана тілі»

Қостанайда «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының мамандары кәріс, армян және башқұрт тілдерінің оқытушыларымен бірлесіп құрастырған «Ана тілі» атты ерекше оқулықтың тұсаукесері өтті. Бұл оқулық өз ана тілімен қатар басқа этностардың тілін үйренгісі келетіндерге арналған.Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитетінің тапсырмасымен «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы әзірлеген бұл оқулық 1000 дана болып басылып, еліміздің барлық өңірлеріне таратылды. Қостанай өңіріне 80 данасы жеткізілді.

Оқулық үш бөлімнен тұрады: тақырыптық модульдер, жаттығулар мен сабақтар, сондай-ақ бағалау тестілері. Оның басты ерекшелігі – тілді қарым-қатынас деңгейінде меңгеруге, ауызекі сөйлеуді дамытуға және қызметтік жағдайда еркін қолдануға мүмкіндік беруі.
«Тілдарын» орталығының басшысы Тоты Айтмағамбетованың айтуынша, бұл – республика деңгейінде алғаш жарық көрген оқулық.

«Біздің орталық мемлекеттік тілді, ағылшын тілін және этнос өкілдерінің ана тілдерін оқытады. Қазіргі таңда неміс, кәріс, армян, татар және башқұрт тілдері оқытылады. Осы бес тілдің ішінен үш тілдің оқытушылары бірігіп, алғаш рет біріккен оқулық әзірледі. Алдағы уақытта басқа деңгейлерге арналған оқулықтар шығару жоспарда бар», – дейді ол.

Оқулықтың авторлары – кәріс тілінің оқытушысы Ким Радмила Анатольевна, армян тілінің оқытушысы Чичоян Гаяне Володяевна және башқұрт тілінің оқытушысы Дик Фердаус Бахтияровна. Олардың айтуынша, оқулық әзірлену барысында түрлі әдіс-тәсілдер сараланып, тіл үйренушілерге ең қолайлы, түсінікті форматта жасалған.


Іс-шара барысында түрлі этностардың әндері мен билері орындалып, қатысушылар қазақ тілінде өз ризашылықтарын білдірді.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Суреттерді түсірген Жансая Сәбитбек