Арқалықтағы  әуежайды қалпына келтіру жұмыстары  биыл басталады

Арқалықтағы  әуежайды қалпына келтіру жұмыстары  биыл басталады

Оған қазынадан  8,4 млрд ақша жұмсалуы мүмкін. Ұзақ жылдан бері бос тұрған ғимаратты облыс әкімдігі  өткен жылдың аяғына таман  сатып алған еді. Сөйтіп, қаланың әуе қатынасын қалпына келтіруге қатысты ауқымды жоба түзілген.

Салынғанына алпыс жылға жуықтаған нысан тоқсаныншы жылдардың басында өз жұмысын тоқтатты.

Бүгінгі таңда кешеннің жалпы жағдайы сын көтермейді. Бүкіл инфрақұрылымы  істен шыққан. Аэровокзал  әбден қирап, бүлінген. Терминал ғимараты екі мыңыншы  жылдары жекешелендірілген.

Тек, ұшу-қону жолағы ғана қала әкімдігінің балансында тұр. Мамандардың айтуынша, ұшу-қону жолағын жөндеу, терминал салу, арнайы техника, метеорологиялық және радиотехникалық жабдықтар сатып алу жоспарланған. Арқалық қаласының әуежайын қалпына келтіру бойынша барлық жұмыстың болжамды құны 8,4 млрд теңгеге бағаланып отыр.

«Қазір біз Арқалық қаласындағы әуежайдың қызметін қайта іске қосу үшін жұмыс істреп жатырмыз. Бүкіл зерттеу-тексеру жұмыстары аяқталуға жақын. Жобалық-құндық құжаттары да дайын. Барлық жобаны жоспарға сай жүргізетін болсақ, әуежайды уақытында іске қосу мүмкіндігі жоғары. Әуежайды қалпына келтіру қаланың инфрақұрылымын нығайту және жергілікті тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттыру үшін маңызды қадам екендігі даусыз», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов облыстың әлеуметтік-экономикалық даму барысына қорытындылған алқалы басқосуда.

Айта кетейік, әуежайды  қайта жаңартқаннан кейін, терминалдан сағатына жетпіс жолаушыға дейін өткізілмек. Әзірге,  «Қостанай-Арқалық-Қостанай», «Астана-Арқалық-Астана» бағыттарын ұйымдастыру жоспарланған.

               Әлібек ЫБЫРАЙ

Сурет ашық дереккөзден алынды

Жаңалықтармен бөлісу