24 мая, 2025
Арқалықта  жыр мүшәйрасы өтті

Арқалықта  жыр мүшәйрасы өтті

Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педегогикалық университетінде Ш.Уәлихановтың 190 жылдығына орай «Шоқан мұрасы – дәуір шежіресі» атты жыр мүшәйрасы ұйымдастырылды.

Ұлы ғалымның ғылыми зерттеулеріне арналған студенттердің жыр бәйгесі университеттің «қазақ тілі мен әдебиеті», «тарих, география», «география және тарих», «биология және география» мамандықтарының І-ІІ курс білім алушыларының арасында қанат жайды.

Қатысушылар байқаудың үш кезеңінде:Шоқан жайлы жүрек тебіреністерін жырға қосып және өзге ақындардың да ғалымға арналған өлеңдерін мәнерлеп оқып, кезең соңын туған жер тақырыбындағы өз шығармасымен түйіндеді.

Әділқазылар алқасының шешімімен үшінші орынды тарих мамандығының ІІ курс студенті Нұрғиса Толдибаев, екінші орынды география және тарих мамандығының І курс студенті Әділжан Ақбалаев, бірінші орынды қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының І курс студенті Ақния Құлажанова иеленді. Ал, байқаудың бас жүлдесін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының І курс студенті Ғибрат Меңдібаев жеңіп алды.

 

«Жас таланттардың басын қосып, Шоқан атамызға арналған жаңа шығармалар қорын толықтырып, еңбектерін дәріптеп жатырмыз. Ұлы ғалым, этнограф, зерттеуші Шоқан Уәлихановтың ғылыми зерттеулеріне арналған жыр мүшәйрасы алғашқы ұйымдастырылған іс — шара болғандығына қарамастан өте жақсы деңгейде көрініс тапты», – дейді білімнің қара шаңырағының тәжірибелі ұстазы, «Жаратылыстану және ақпараттандыру факультетінің аға оқытушысы, жаратылыстану ғылымдарының магистрі Құралай Хамитова.

 Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Суреттерді түсірген – автор

Арқалық қаласы