Жылыту маусымының басталуына азғантай уақыт қалды. Жылу қазандықтары мен құбырлардың қазіргі жағдайы қалай? Жауапты ұйымдар тозығы жеткен құрылғыларды ауыстырып үлгерді ме? Көптің көкейіндегі осындай сұрақтарға өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Қостанай облыстық энергетика және тұрғын үй–коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Алмат Ғапбасов жауап берді.
«Қыстың қамын жазда ойла» демекші, жаз мезгілінде облыс бойынша бірқатар жылу қазандықтары мен құбырлар жөнделіп, ескіргені жаңарды. Сол үшін бюджеттен он сегіз млрд теңгедей қаржы бөлінді. Бүгінде облыстағы қазандықтардың 94%і жылу беру маусымына әзір. Қостанай қаласындағы он бес қазандықтың он төрті маусымдық жұмысқа дайын тұр. Қалған бір қазандық, яғни, №2 ЖЭО-да жөндеу жұмыстары әлі жүріп жатыр. Облыстық энергетика басқармасы басшысының орынбасары Алмат Ғапбасов соңғы қазандықтағы жөндеу жұмыстары жылу беру маусымын уақытында бастауға ешқандай кедергі келтірмейді деді. Спикердің айтуынша, облыс орталығында жылу желілерін жаңғыртуға арналған төрт жоба жүзеге асуда. Соның екеуі аяқталды. Екеуін қыркүйек айының ортасына дейін бітірмекші. Олар: Амангелді ауылы мен «Әуежай» шағын ауданында тозығы жеткен жылу желісін жаңарту жұмыстары. Былтыр қыста дәл осы «Әуежай» шағын ауданындағы жылу желісінің бойында бірнеше рет апат болып, тұрғындарды әбігерге түсіргені әлі есте. Жер асты суының жақын болуынан темір құбырлар шіріп, қақаған қыста шыдас бермеп еді. Олқылықтың орнын толтыру үшін биыл тот басқан құбырлардың орнына ылғалға төзімді, сыртынан полиэтиленмен қапталған құбырлар орнатылып жатыр. Басқарма басшысының орынбасарынан таңдалған материалдың қаншалықты төзімді екенін сұрадық.
– «Әуежай» шағын ауданындағы жұмыстар кестеге сәйкес жүруде. Жаңа құбырлардың сапасы жоба бойынша анықталып, бекітілген. Иә, жаз айларында шағын ауданда ыстық су болмағаны рас. Алдағы жылыту маусымының апатсыз өтуі үшін осындай қадамға баруға тура келді, – деді Алмат Ғапбасов.
Биыл өңір бойынша Арқалық қаласында жылу беру маусымы ерте басталмақшы. Аталған шаһардағы жаңа жылу-энергетика орталығын 20 қыркүйектен кейін іске қосу жоспарланып отыр.
Қымбат ДОСЖАНОВА