Жұмысшы мамандықтар жылы және 29 сәуір – дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай мәдениет саласының бір топ шаруашылық қызметкерлеріне құрмет көрсетілді.
Үздік мамандарға Қостанай облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы мен Арқалық қалалық Мәдениет сарайы басшысының «Алғыс хаттары» салтанатты түрде тапсырылды.
«2025 жыл — Мемлекет басшысы Қасым — Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жарияланғаны белгілі. Шын мәнінде де қарапайым еңбек адамдарының қоғамның дамуына қосып жатқан үлестері өлшеусіз. Күнделікті өмірде тыңғылықты еңбек етіп, қысы-жазы ыстық-суыққа төзіп,өнерпаздарымызға қолдаушы болып жүрген шаруашылық қызметкерлерінің жұмысы елеусіз қалып жататыны жасырын емес. Еден жуушылардың, күзетшілердің, от жағушылардың қызметінсіз ортақ ісіміздің алға басуы қиын. Сондықтан, мәдениет саласының майталмандарымен қоян – қолтық маңдай терлерін төгіп, елдің мәдениеті мен өнеріне біркісідей атсалысып жүрген әріптестеріміздің еңбектерін орайы келгенде елеп, ескеріп жатқан жайымыз бар», – дейді қалалық Мәдениет сарайының ауылдық клубтар жүйесінің меңгерушісі Айбол Оңдаған.
Мерейлі марапатталғандардың қатарында Фурманов ауылынан күзетші Бақытқали Төлендіұлы, Ақтас ауылынан күзетші Қанат Байдаров, еден жуушы Эльмира Замаханқызы, сондай-ақ қалалық мәдениет сарайынан тігінші Жанат Аманқызы, костюмер Данар Табылғанқызы тәрізді мамандар бар.
Жалпы, әсерлі шақта қала және ауылдардан ұзын саны жиырмадан астам жұмысшы мамандарына сый-құрмет көрсетілді.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы