Еліміз үшін қуанышты жаңалық. Арқалықта баспанаға мұқтаж ретінде тұрғын үй кезегінде тұрған 48 отбасына жаңа пәтерлердің кілті табыс етілді.
А.Байтұрсынов көшесі, №13 мекен жайындағы 48 пәтерлі жаңа үй пәтерлерінің кілттерін қала әкімі Әмірхан Асанов тұрғындарға салтанатты түрде табыс етті.
Қала билігі Тұрғын үй – коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023 -2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы негізінде республикалық және облыстық бюджет есебінен бөлінген 750 млн теңгеден астам қаражатқа әлеуметтік мақсаттағы тұрғын үйді сатып алып, баспанаға мұқтаж отбасыларға табыс етуге мүмкіндік алып отыр. Бұл үйде 70-82 шаршы метр аралығындағы 3 бөлмелі 16 пәтер, 54-57 шаршы метр болатын 2 бөлмелі 16 пәтер және аумағы 40-55 шаршы метр 1 бөлмелі 16 пәтер бар.
Аталған пәтерлер баспана кезегінде тұрған 16 көпбалалы отбасылар, 15 асыраушысынан айырылған жандар, сондай – ақ 17 халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына жататын І – ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі кісілер, жалғызбасты аналар, зейнеткерлерге берілді.
«Біз алдағы уақытта да баспана кезегінде тұрған азаматтарды пәтермен қамту мақсатындағы жұмысымызды жалғастыратын боламыз», – деді қала әкімі Әмірхан Біркенұлы жаңа тұрғын үйдің пайдалануға берілу салтанатында сөйлеген құттықтау сөзінде.
Салтанатты шақта қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Әубәкіров пен пәтер алушылар атынан Сандуғаш Түгелқызы да жылы лебіздерін білдірді.
Жаңа нысаннның 1 – ші қабатына әуелден бизнестік құрылымдар орналасқан. Үстіңгі қабаттары ұзақ жылдардан бері бос тұрған ғимарат тұрғын үй ретінде қайта жабдықталды. Денсаулықтарына байланысты және жас ерекшеліктеріне орай 7 кісіге 2 – ші қабаттан пәтер берілсе, өзге тұрғындар пәтерлерін жеребе тарту арқылы таңдап алды.
Сәндігүл Тұрсынтайқызы,
жаңа пәтер иесі, көпбалалы ана:
– Мен екінші қабаттан үш бөлмелі пәтер алып отырмын. Азаматтарының қамын ойлап отырған үкіметімізге, облыс, қала әкімінің аппараттарына зор алғысымды білдіремін. Екі ұл, екі қыз төрт балам бар. Мен өзім ғанамын. Тұрғын үй кезегінде 15 жылдан артық уақыт бойы тұрып, міне көп күткен арманыма қол жеткізіп тұрмын.
Теміржан Қабденұлы,
жаңа пәтер иесі, зейнеткер:
– Біз отбасымызда төрт адамбыз. Қыз балам екінші топтағы мүгедек. Баласы оныншы сыныпта оқиды. Жолдасымыз екеуміз де зейнеткерміз. Қазақстан халқына, Президентке, әкімдерге, шынайы алғысымызды білдіреміз. Ел-жұртымыз тыныш болып, отанымыз өркендей берсін.
Бүгінгі таңда Арқалық қаласы бойынша 1246 адам баспана кезегінде тұр. Оның ішінде: 159 асыраушысынан айырылғандар, 218 көпбалалы отбасылар, 415 халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына жататындар, 428 бюджеттік және мемлекеттік қызметкерлер, 26 адам жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтар.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы