Арқалық педогогикалық институтында жаңа ректор

Арқалық педогогикалық институтында жаңа ректор

Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтында Басқарма төраға – ректордың міндетін атқарушы ресми түрде таныстырылды.

Жаңа басшыны ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі аппаратының басшысы Мадияр Қожахмет таныстырды.

Ректордың міндетін атқарушы Талғат Есмаханбетұлы Ещжанов философия ғылымдарының докторы (PhD). Білім беру саласында 20 жылдан астам уақыт қызмет атқарып келеді. Бұған дейін Сулейман Демирель университетінде кафедра меңгерушісі, университеттің оқу және ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры, «Астана» Халықаралық университетінің Педагогикалық институтының директоры қызметтерін атқарған. Мичиган университетінде тағылымдамадан өткен.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі аппаратының басшысы Мадияр Қожахмет институттың экс ректоры Ержан Әмірбекұлының басшылығымен көп жұмыстар атқарылғанын және институттың игілігі үшін сол бастамалардың іске асырылатынын атап өтті.

«Жаңашыл бағыттағы іс тоқтамауы керек. Қазір институт өте үлкен өзгерістердің алдында тұр. Оның бірі – үкіметте институтты университет мәртебесіне ауыстыру туралы Қаулы қаралуда. Осыған байланысты бірқатар өзгерістер күтілуде», – деді министрліктің аппарат басшысы.

Министрлік өкілі жаңа басшылыққа және ұжымға жаңа басталып жатқан жылда тың табыстар тіледі.

Өз кезегінде инстиутут Басқарма төрағасы – ректордың міндетін атқарушы Талғат Есмаханбетұлы білім ордасының дамуы мен өркендеуі үшін барлық күш-жігерін жұмсауға, осы сенімді ақтауға және ғылым мен білім саласында қызмет етуге дайын екенін айтты.

Ғылыми кеңес аясында өткен кеңейтілген іс – шараға институттың профессор-оқытушылар құрамы, ЖОО қызметкерлері, декандары, сондай-ақ қала әкімінің орынбасары Мешітбай Жұманов қатысты.

 

                                        Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ                                             Арқалық қаласы

 

Жаңалықтармен бөлісу