Арқалық қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты Тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен «Республика күні» мерекесіне орайластырып Ахмет Байтұрсынұлының 1913 жылы «Қазақ» газетінде жарияланған «Оқу жайы» қазақ тілді меңгергендер үшін жалпыұлттық диктант және «Отан» тақырыбында шағын шығарма екінші тіл ретінде меңгергендер үшін «Ұлттық диктант» іс-шарасы өткізілді.
«Ұлттық диктант» – мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға, азаматтардың жазу сауаттылығын жетілдіруге, ұлттық бірегейлік пен тілдік мәдениетті нығайтуға бағытталған жалпы республикалық мәдени-ағартушылық жоба.

Негізгі мақсаты – Мемлекеттік тілде сауатты жазу дағдысын қалыптастыру және оны насихаттау. Бұл бастама әр азаматқа сауатты жазудың тек білім өлшемі емес, сонымен бірге азаматтық жауапкершілік, мәдени қатысым және тілге деген құрметтің көрінісі екенін ұғындыруға бағытталған.

Ашық диктантқа орталық тыңдаушылары, мемлекеттік мекеме және орталықтандырылған кітапханалар жүйесі, №2 облыстықәмбебап-ғылыми кітапхана қызметкерлері, Арқалық қазақ жасөспірімдер театры, Арқалық қаласындағы дала өлкесі тарихы облыстық музейі, Арқалыққалалық Полиция басқармасы қызметкерлері, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университеті, Н.Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжі, Арқалық политехникалық колледжі, Арқалық медициналық колледжі, Қазтұтынуодағы Арқалық көпсалалы колледжі оқытушылары мен студенттері және шағын шығарма екінші тіл ретінде меңгергендер үшін Арқалық политехникалық колледжі студенттері қатысты.

«Егер, диктантта қате болмаса немесе 1-3 қана қате табылса, онда қатысушының мемлекеттік тілдегі сауаттылығы жоғары деп пайымдауға болады. Ал, 4-7 қате табылса, мемлекеттік тілде ойды жеткізу дағдылары қалыптасқан, емле мен тыныс белгілеріне көбірек назар аударса, сауаттылығы арта түседі.
Мәтінде 7-12 қате болған жағдайда мемлекеттік тілде жазу дағдыларды жетілдіру үшін тұрақты түрде жаттығуды ұсынамыз. Егер, 13 және одан да көп қате табылса, мемлекеттік тілде жазу сауаттылығын арттыру үшін тіл маманының көмегіне жүгініп, жүйелі түрде оқу мен жазуға кеңес береміз»,-дейді қалалық Тілдерді оқыту орталығының әдіскері Махаббат Әмір.
Жалпы, қала бойынша қатысушылар: мемлекеттік қызметкерлер — 40, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері — 41, мұғалімдер — 744, құқық қорғау органдарының өкілдері — 40, оқушылар — 3148, жастар — 243 біліктіліктерін тексерді.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы
