«Allur Жоғары инженерлік мектебі» ашылды

«Allur Жоғары инженерлік мектебі» ашылды

Мереке қарсаңында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің базасында Allur Жоғары инженерлік мектебінің ашылу салтанаты болды. Бұл жоба өңірдегі техникалық білім мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, инновациялық инженерлерді даярлаудың жаңа кезеңін бастағалы отыр.

Жаңа оқу орталығының басты мақсаты – қазіргі заманғы өндіріс стандарттарына сәйкес, автокөлік өнеркәсібін жақсы меңгерген, кәсіби біліктілігі жоғары инженерлер мен технологтарды даярлау.

blank blank

«Allur» компаниясы бүгінде Қазақстандағы автомобиль өндірісінің көшбасшысы. Компания отандық машина жасауды дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және заманауи технологияларды енгізу арқылы еліміздің индустриялық әлеуетін арттыруда үлкен рөл атқарып келеді. Allur Жоғары инженерлік мектебі осы бағыттағы білім мен тәжірибені ұштастыруға арналған ерекше бастамалардың бірі.

Іс-шара барысында Allur зауытының атқарушы директоры Арғұлан Майконов жастарға сенім білдіріп, жобаның маңызын атап өтті.

blank

«Білім алған жастар болашақта өз саласының үздік маманы боларына сенімдіміз. Бұл – өнеркәсіп пен білім саласының тиімді ынтымақтастығының жарқын көрінісі», – деді ол.

Ал университет ректоры Сейітбек Қуанышбаев жобаның жүзеге асуы оқу орны үшін үлкен жетістік екенін тілге тиек етті.

«Былтыр осы мәселені көтерген едік. Бүгін соның сәті түсіп, жаңа оқу кабинеттері ашылып отыр. Ертеңнен бастап студенттер осы жерде оқуларын бастайды. Бізде дуалды білім беру жүйесі де қарастырылған, жастар білім ала жүріп, өндірісте тәжірибе жинақтайды. Бұл жерде толыққанды зертхана болады, кабинеттер автомобиль жасауға арналған заманауи қондырғылармен жабдықталады. Студенттер оқуын тәмамдағанда еңбек нарығына дайын маман болып шығады», – деді ректор.

Жабдықталған оқу кабинеттері студенттерге мол мүмкіндік берері сөзсіз. Жаңа технологиялармен және заманауи жабдықтармен жақын танысуға жол ашады. Екі жақты біріккен бастамалар техникалық мамандықтардың беделін арттырып, еліміздің индустриялық дамуына тың серпін береді.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Суреттерді түсірген Әбіл Досжанов