Жігерлі жастар құрметке бөленді

Жігерлі жастар құрметке бөленді

Республика күні қарсаңында Рудный қаласында жастардың отаншылдық сезімін арттырып, белсенділігін насихаттаған «Қыран елім – Қазақстан» атты патриоттық форум салтанатты түрде өтті.

Жиын барысында қаланың қоғамдық өміріне белсене араласып, үлесін қосып жүрген жастар марапат биігінен көрінді.

blank blank blank

Салтанатты іс-шара Қазақстан Республикасының Әнұранын орындаумен басталып, ел рухын асқақтатты. Форумның басты көздегені, жастардың патриоттық санасын нығайту, жаңа жетістіктерге жігерлендіру, көпшілік алдында талантты ұл-қыздарды дәріптеу. Ресми ашылу салтанатында Рудный қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлшат Ермешекова сөз сөйлеп, мерекемен құттықтады.

«Республика күні қарсаңында біз дәстүрлі түрде патриоттар форумын өткізіп келеміз. Осы жолы да жастардың отаншылдық рухын көтеретін, жігерін жанитын «қыран елім – Қазақстан» атты форумды өткізіп отырмыз. Бұл іс-шараның мән-маңызы жоғары. Яғни, жас ұрпақты, Отанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеумен қатар, қаламыздың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, өз еңбегімен үлгі болып жүрген талантты ұл-қыздарымызды дәріптеу. Сіздердің білімге, спортқа, өнерге, ғылымға деген құлшыныстарыңыз және қоғамдық істерге деген белсенділіктеріңіз біздің Рудный қаласын дамытудың негізгі қозғаушы күші деуге болады. Сіздердің қатысуларыңызбен іске асырылған әрбір жоба, атқарған әрбір ерікті істеріңіз, қол жеткізген әрбір жетістіктеріңіз – біздің ортақ мақтанышымыз», – деді Рудный қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлшат Ермешекова.

Марапат иелері бес аталым бойынша марапатталды. Алғашқы марапат «Жылдың жас көшбасшысы» аталымы Рудный қалалық Қоғамдық кеңесінің мүшесі, «Рудный құрамасы» КВН командасының капитаны Нұрғожин Қазыбек Мархабатұлына берілді. Ол қалалық және республикалық деңгейдегі жетістігіне, сондай-ақ жастар қозғалысын дамытуға қосқан үлесі үшін алды.

«Рудныйда жас үшін көптеген іс-шаралар өтіп келеді. Өз басым осындай игі бастамалардың ұйымдастыршылық жағында көп жүремін. Қазақ тілді жастар үшін зияткерлік ойындар өткізіп, өзге де бағыттарды барынша қамтимыз. Көп жағдайда студенттерді тартамыз. Мектеп оқушылары үшін Жайдарман ойындары бар. Рудный қаласының мектеп оқушылар бұл ойын түрін жақсы көреді, өзім басы-қасында жүріп тәлімгерлік етемін. Астана, Алматы қалаларында өтіп жүрген ойындарға апарып тұрамыз. Қала жастарының жан-жақты дамуына аз да болса үлесімізді қосып жүрміз», – дейді марапат иесі Қазыбек Нұрғожин.

Екінші «Мәдениет пен өнерді дамытуға қосқан үлесі үшін» аталымын Тамара Горшкова иеленді.

blank blank blank blank

Тамара өзінің шығармашылық ойымен және белсенділігімен қала жастарына үлгі болып жүр.

Оның жетекшілігімен жұмыс істейтін «Добрые сердца» еріктілер клубы студенттерді мейірімділік пен азаматтық жауапкершілікке тәрбиелеуде.

«Рудный құрылыс және көлік колледжінің педагог-психологы маманымын. Сондай-ақ «Мейірімді жүргектер» еріктілер клубының жетекшісімін. Үй жануарларына қараймыз. Уақытқа ұстайтын жерлер әзірлеп, қараусыздарын бағамыз. Жақында жаңа орын ашылғанда, біз оны көшіру жұмыстарына, тазалау ісіне көмектестік. Қалалық еріктілер ұйымымен тығыз байланыстамыз. Экологиялық іс-шараларға белсенді қатысамыз. Біз бұл жұмыстарды студенттермен бірге жүзеге асырамыз. Колледжімізде еріктілікті белсенді түрде дамытып келеміз. Өз басым елімнің патриотымын. Студенттерімізге де патриотизмді сіңіреміз», – дейді Тамара Горшкова.

Ал «Білім мен ғылым саласындағы жетістіктері үшін» Әлия Жүсенова марапатталды. Ол тек білім саласында ғана емес, асық ату, таяқ тарту сияқты ұлттық спорт түрлерінде республикалық деңгейде жүлдегер атанып, шәкірттерін де жеңіске жетелеген білікті жаттықтырушы.

«Міржақып Дулатұлы атындағы мектепте дене тәрбиесі пәнінің мұғалімімін. Шәкірттерім де, өзім де түрлі спорттық жарыстарға қатысып келеміз. Кейінгі жарыстарға тоқталсам, шілде айында Солтүстік Қазақстан облысында бес асықтан чемпионат өткен болатын. Сол жарыстан екінші орынды иеленіп келдім. Қазір біраз мектептерде асық ату үйірмелері жұмыс істейді. Біздің мектепте те бұл ұлттық ойын түрі жақсы дамыған. Қала мектептерінің оқушылары арасында жыл сайын бірнеше сайыс өтіп тұрады», – дейді Әлия Жүсенова.

Спорттағы табандылығымен ерекшеленген Яна Шипкова «Спорттағы жетістіктері үшін» аталымына лайық деп танылды. Яна 2006 жылы Рим қаласында өткен Дүниежүзілік Арнайы Олимпиада ойындарында Қазақстанның намысын қорғап, спорттық гимнастикадан үш алтын және бір күміс медаль жеңіп алған. Оның өмірге деген сүйіспеншілігі мен жігері көпке үлгі.

Ерікті болу екінің бірінің қолына келе бермейтін үлкен іс, әрі жауапкершілік. Жақсылық жасауды өмірлік ұстанымына айналдырған Вероника Слива «Жыл волонтері» номинациясын иеленді. Ол «Рудный Добряк» еріктілер штабының белсенді мүшесі ретінде көптеген әлеуметтік және экологиялық жобаларға белсене қатысып, қаланың игі істерінің ұйытқысы болып жүр.

«Мен екі жарым жылдан бері еріктілікпен айналысамын. Демеушілердің қолдауының арқасында аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға, жетім балаларға, көп балалы отбасылардың балаларына, сондай-ақ жалғыз тұратын зейнеткерлерге жаңа жалды сый-сияпат көрсетеміз. Әр отбасына, әр адамға жеке-жеке сыйлық жинаймыз. Яғни, тілектер жазылған ашықхат пен сыйлық пакеті. Біз әр отбасы туралы ақпарат жинаймыз және балалардың жасына, жынысына қарап таңдаймыз. Мысалы, егер 6 жасар ұл және 2 жасар қыз болса, ұлға – машина, қызға – бояу кітапшалары, сондай-ақ, белгілі бір мөлшерде кәмпит, тәттілер апарамыз. Мен үшін еріктіліктің ең маңыздысы – өзімді қоғамға қажетті сезінуім. Пайдалы бір іс жасай алатыным. Мен «Бумеранг» теориясына сенемін, яғни жасалған әрбір жақсылық міндетті түрде қайтып оралады», – дейді жігерлі Вероника.

«Қыран елім – Қазақстан» форумы Рудный қаласының жастарын еңбекке, мейірімділікке, спортқа және білімге шақырып, ел болашағы үшін басты құндылықтарды нығайтатын маңызды іс-шара болды.

 

Суреттерді түсірген – Диана Алмасқызы