Арқалықта тыл ардагерлеріне құрмет көрсетілді

Арқалықта тыл ардагерлеріне құрмет көрсетілді

Жеңіс күніне орай Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Әубәкіров тыл ардагерлерін үйлеріне барып, сый-сияпат көрсетіп құттықтады.

Тыл ардагері Сағындық Бірмаханов ақсақал соғыс басталғанда бес жастағы бала екен.

Сұрапыл жылдар жас балаларды ерте есейтті.

Балалық бал дәуреннің қызығын көрмей ауыл шаруашылығында аналарымен бірге ерте тұрып, кеш жатып, күн қақты қаратабан болып еңбек етті.

1955 жылы техникум бітірген жас маман тың көтеру науқанына қатысып, еңбек жолын тракторшы болып, жер жыртып бастаған.

Туып-өскен жері қазіргі Арқалық қаласына қарасты Қайыңды ауылы. Жастай еңбекке араласқан ардагер өмір жолында талай қызметтердің де басын қайтарып, мадақтама мен медалдардың мол жиынтығын жасады.

Ал, тыл ардагері Анфиза Микловш болса жау тұтқиылдан атойлаған 1941 жылы алты жаста болыпты.

Сексеннің сеңгірінен нық асқан кейуана кейінгі кезде денсаулығы жиі сыр беріп жүрсе де көңілінің сергек екенін көрсетті.

«Жылдар жылжып өтіп жатыр. Жастық шағымызда қазіргідей қартаямыз деп ойлаған жоқпыз», – деп жайдарылана сөз сабақтайды қария.

Ұзақ жылдар бойы қалалық сүт зауытында жұмыс істеген. Лаборант, мастер болып еңбек еткен.

«Ірімшік, қаймақ, май, балмұздақ өндірісі менің жұмысым. Қала төңірегіндегі ауылдардан күн сайын өте құнарлы сүт жеткізіліп тұратын», – деп өткен күндерді еске алады Анфиза Павловна.

 

Ардагерлер өткен өмірлеріне еш өкінбейді. Олар бүгінгі ұрпақ бақытты ғұмыр кешу үшін қолдарынан келгеннің бәрін жасады. Еңбектің сый-құрметіне бөленді.

 

Пейілі даладай қариялар ел-жұртының амандығын тілеп, өздеріне көрсетіліп жатқан құрметке зор ризашылықтарын білдірді.

 

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ 

Суреттерді түсірген автор

Арқалық қаласы

 

 

Жаңалықтармен бөлісу