Биыл Арқалық қаласы бойынша 6487 оқушы мектепте білім алса, оның 354-і үлкен өмірге қанат қақты. Мектеп бітірушілердің ішінде 9 алтын белгі, 13 үздік аттестат иелері бар.
Түлектеріне ақ жол тілеп, жоғары сән-салтанатымен қоштасу кешін ұйымдастырғандардың бірі өткен жылы ел игілігіне берілген №7 жалпы білім беретін мектебі.

«Келешек мектеп» деп аталатын бұл білім ордасынан 419 бала білім алса, соның ішінде 21 оқушы алтын ұясынан қанат қақты.
«Бүгінгі күн біз үшін ерекше күн. Себебі, мектебімізден алғашқы түлектер ұшырып жатырмыз. Жан – жақтан жиналып келген балалар өздерінің жақсы тәртібін, тәрбиесін көрсете білді. Кіші буынға үлгі – өнегесін көрсеткен мақтаулы сынып. Оқушылардың бәрі қай жағынан болса да аса белсенді, оқу, спорт, өнер жағынан үздік нәтиже көрсетті.

Алтын белгіге үміткер екі оқушымыз Айым Зілғараева мен Ақсезім Спанова және бір оқушымыз Айдана Болат үздік аттестатқа үміткер.
Балалардың алдарына қойған мақсаттары өте биік. ҰБТ – ға да дайындықтары жақсы»,-дейді мектеп директоры Ақтоты Жанаралқызы.
Салтанатты рәсімде мектеп басшысы түлектерді құттықтап, озат оқушылардың ата – аналарына алғыс хаттар табыс етті. Қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Сандуғаш Алматова да қолдау білдіре келіп, құттықтау сөз сөйлеп, белсенді түлектерді марапаттады.

Ата –аналар атынан Мағзұм Баймағанбетов пен Бақытгүл Кабзиева балаларына тәрбие мен білім берген ұстаздар қауымына жүрекжарды лебіздерін білдіріп, мектеп бітіруші сыныптың жетекшісі Ерсін Серікқызы шәкірттеріне сәт-сапар тіледі.
Мектеп бітірушілер кешінде жүрек терберлік әсерлі шақтар өте көп болды. Түлектер «уақыт капсуласын» мектепке аманат етіп қалдырды. 1 сынып оқушылары мен мектеп бітірушілер естелік сыйлықтар алмасып, ақжолтай тілектерін білдірді.

Қоңырау соғу құрметі 11 сынып оқушылары Санжар Хамитбек, Ақару Насирила, Бекзат Айдархан, Айсәуле Қуанышбай және 1 сынып бүлдіршіндері Жантөре Рамазан мен Айкүнім Асылбекке берілді.
Құлақты тәтті тұндырған соңғы қоңырау үні одан әрі түлектер вальсіне ұласты.
МҰРАТ ЖҮНІСҰЛЫ
