24 июня, 2025
Арқалықта қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

Арқалықта қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

Зұлмат жылдар құрбандарына тұрғызылған ескерткіш басында сырлы саз ырғағы ойнап, Арқалық қазақ жасөспірімдер театрының әртістері елім, жұртым деп жан қиған «Алаш» арыстарының бейнесін сомдады. Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу үшін бір минуттық үнсіздік жарияланды.

Дерек бойынша елімізде 103 мыңнан астам адам жазықсыз қудалаудан жапа шегіп, оның 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілген.

«Алаш» қайраткерлеріне «ұлтшыл» деген айып тағылды. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сынды көптеген ұлт зиялылары осы жазаның құрбаны болды.

«Бұл күндерді еске алудағы мақсат – қасіретті жылдарда құрбан болған ата-бабаларымыздың рухына тағзым етіп, бүгінгі бейбіт күннің қадірін жете түсінсек деген ниеттен туса керек. Қанқұйлы жылдардың құрбандарын мәңігілікке есте сақтау – біздің перзенттік борышымыз болып саналады. Тәуелсіздігіміз баянды болу үшін жастарымыз өз тарихын біліп, ұлтын шексіз сүюі қажет»,-деп атап өтті қала әкімі Әмірхан Асанов митингте сөйлеген сөзінде.

Арқалық қаласындағы облыстық «Дала өлкесі» тарихы музейінің ғылыми қызметкер, «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау» жөніндегі облыстық комиссияның мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Батырлан Сағынтаев сөз сөйлеп, «Отызыншы жылдардың өлеңі» атты өлеңін оқыды.

Қалалық «Мұхтасиб Әлмұхамед» мешітінің бас иамамы Нұрхан қажы Бақтыбай әруақтардың рухына арнап құран бағыштады. Құрбан болғандардың құрметіне ескерткішке гүл шоқтары қойылды.

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген – автор

Арқалық қаласы