Елімізде 1 шілдеден бастап абаттандырудың жаңа ережелері күшіне енеді. Ережеде жеке үй иелеріне тек өз учаскесін емес, айналасындағы аумақты да күтіп ұстау міндеті тұр.
Ресми түрде белгіленген үйге, қоршауға немесе жер учаскесіне тікелей жанасатын периметр бойынша ені 5 метрлік жолақ есепке алынады.

Қала билігі құқық қорғау органдарының өкілдерімен бірге тұрғын үйлерді, жекеменшік кәсіп иелерінің мекен-жайларын аралап, тазалықтың мән-жайын тағы бір мәрте өз көздерімен көрді.
Қала әкімі Әмірхан Асанов атап өткендей қанша рет айтылып, өз тарапынан Үндеу жасалып жатса да оны құлаққа ілмеген тұрғындардың жайбарақаттығы көңіл қынжылтады.
Рейд барысында ұялған тек тұрмас дегендей «маңайымызды енді абаттандырғалы жатырмыз» деп уәж айтқан бизнес иелері де ұшырасты.

«Жаздың ортасы болды. Енді қашан абаттандырасыздар?» – деді әкім.
Көп қабатты тұрғын үйлердің тазалық жағдайлары да екі сипатта. Бірінің ауласында қаулап арамшөп өсіп тұрса, екіншісінде мұнтаздай тазалық енгізілген. Әрине, мұндай азаматтарды үлгі етіп көрсетуге болады.
Күлімжан Сәдуақас,
дәріхана иесі:

«Қаланың тазалығы өзімізге жақсы. Халыққа қызмет көрсеткенде тартымды болсын деп маңайымызды гүлдендіріп қойдық. Өзгелерді де қоршаған ортаға жанашырлықпен қарап, тазалыққа зор мән беруге шақырамыз».
Бақыт Бейшина,
үй тұрғыны:

«Ахмет Байтұрсынов көшесі, №8 үйдің 4-ші подьезінің тұрғынымыз. Көршілер бірігіп кіреберісімізді жоғары қабатқа дейін әрлеп қойдық. Жүріп – тұрғандағы жайлылық үшін жарықшамдар орнаттық. Адамдарымыз аса ұйымшыл. Ауламызды да әркез таза ұстаймыз».
Ережеге сәйкес, жеке үй иелері:учаскені және оның айналасын таза ұстауға,
қоқысты жинауға, арамшөперді шабуға, жасыл кеңістіктерге күтім жасауға, үйдің қасбетін, қоршауын күтіп ұстауға міндетті.
Сондай-ақ, үй айналасындағы аумаққа қоқыс қалдыруға тыйым салынады.

Құрылыс материалдарын және басқа да заттар мен қалдықтарды сақтауға тыйым салынады.
Жалпы, үй маңындағы аумақты күтіп ұстау талабы бұрыннан абаттандыру ережелеріне енгізілген. Егер үйдің жанында қоқыс, арамшөп, құрылыс материалдары қоймасы немесе басқа да қоқыс болса, үй иесі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабы, «Абаттандыру ережелерін бұзу» бойынша жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Бұл бапқа сәйкес, бірінші рет бұзушылық үшін әдетте ескерту беріледі, бірақ қайталанған бұзушылық үшін 30 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) немесе 129 750 теңге айыппұл салынады.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы
