Арқалық үш мерекені қатар атап өтті

Арқалық үш мерекені қатар атап өтті

Маусым айының маңызды мерекелерінің қатарында медицина қызметкерлері күні, полиция қызметкерлері күні және мемлекеттік қызметшілер күнін атап өтуге болады.

Арқалық қаласының жаңалықты жөндеуден өткен мәдениет сарайында аталған мереке иелерін қала әкімі Әмірхан Асанов арнайы құттықтап, марапаттарын салтанатты тұрде табыс етті.

Қала әкімі атап өткендей мемлекеттік қызметшілер сапалы мемлекеттік қызмет көрсетіп, еліміздің дамуына өз үлестерін қосуда. Полиция қызметкерлері болса қоғамдық тәртіпті сақтап, тұрғындардың қауіпсіздігі жолында аянбай еңбек етіп келеді. Ал, ақ халатты абзал жандар әуелден басты байлығымыз денсаулығымыздың сақшысы ретінде гиппократ антына адалдықтарын танытып отыр.

 

Бүгінгі күні Арқалық қаласы әкімінің аппараты мен әкімдікке қарасты мемлекеттік мекемелер ауыл және ауылдық округтерде барлығы 130-дан астам мемлекеттік қызметші жұмыс істейді. Сондай – ақ, 13 құрылымы бар қалалық полиция басқармасында 140-қа жуық қызметкерлер нәтижелі еңбек етуде.

Арқалық өңірлік ауруханасы қала тұрғындарымен қатар көршілес Амангелді, Жангелдин аудандарының және Ақмола және Ұлытау облыстарының жақын орналасқан елдімекендерінің тұрғындарына да медициналық көмек көрсетеді. Жалпылама алғанда ұзын саны 30 мыңға жуық адам аурухана қызметіне иек артады. Оларға 600-ден астам адам қызмет көрсетсе, оның ішінде: 68 дәрігер, 324 орта буын медицина қызметкерлері бар.

blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank

Мерейлі шақта облыс әкімінің Құрмет грамотасымен қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Олжас Өтегенов, қалалық Жер қатынастары бөлімінің басшысы Айдын Жұмашев, Көктау ауылының әкімі Нұрболат Қабденов марапатталды.

Қалалық мәслихаттың шешімімен денсаулық сақтау саласының дамуына зор үлес қосып жүрген дәрігерлер Диколай Әлмағанбетов, Ақылбек Таткенов, Гүлнар Биляловаларға Арқалық қаласының құрметті азаматы атағы берілді.

Ұзақ жылғы еңбектің нәтижесі көңіл толқытпай қалған жоқ. Қуанышын бізбен бөлісіп:

blank

«Халқыма, қала әкіміне, мәслихат төрағасына және депутаттарға, ардагерлер ұйымының басшысына риясыз алғысымды білдіремін», – деп ағынан ақтарылғандардың бірі бар ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнап, бас хирург, бас дәрігердің орынбасары лауазымдарын атқарған Ақылбек Хайдарұлы ағамыз болды.

ҚР ішкі істер министрлігінің ІІ – ші дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалі қалалық полиция басқармасының 4 бірдей қызметкеріне табысталды.

Министрліктің, қала әкімінің және басқармалардың Алғыс хаттары да иелерін көптеп тапты.

Мерекелік марапаттаулар қала өнерпаздарының күшімен әзірленген концкртке ұласып, әсем ән мен тәтті күй, мың бұралған би көрермендерінің көңіл құсын шарықтатты.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Суреттерді түсірген – автор

                                                                                                              Арқалық қаласы