Ғалымның ғибратты ғұмыры

Ғалымның ғибратты ғұмыры

Қазақ даласының қасиетті Торғай өңірі талай дара тұлғаны дүниеге әкелген киелі мекен. Солардың бірі – экономика ғылымдарының докторы, профессор, ұлағатты ұстаз Кәрбоз Жапарұлы.

Ол 1944 жылдың 24 маусымында Жанкелдин ауданына қарасты Қызбел ауылындағы Қоңыраулы өзенінің бойындағы Толтан түбегінде дүниеге келді. Балалық шағы ұлттық тарихтың талай жарқын беттері жазылған, Шақшақ Жәнібек тарханның саржайлауы болған Сары Тосынның құмды алқабында өтті. Бұл өлке ақындар мен ойшылдарды, елге қызмет еткен азаматтарды тәрбиелеген тағылымды мекен еді.

Кәрбоз Жапарұлы С.М.Киров атындағы орта мектепті тәмамдап, кейін Қазақ мемлекеттік университетінің экономика факультетінде білім алды. Студенттік жылдары ол қазақ экономика ғылымының көрнекті өкілдерінің дәрістерін тыңдап, терең білім мен ғылымға деген құштарлықты бойына сіңірді. Жас маман үшін бұл болашақ үлкен жолдың бастауы болды.

Университетті аяқтаған соң туған жеріне оралып, ауыл шаруашылығы саласында еңбек жолын бастады. Шобанкөл мен Сужарған кеңшарларында бас экономист қызметін атқара жүріп, өндіріс пен экономиканың өзара байланысын тәжірибе жүзінде таныды. Еңбекқорлығы мен ізденімпаздығы оны ғылым жолына жетеледі.

Аспирантурада білімін жалғастырып, экономика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін сәтті қорғады. Бұл жолда белгілі ғалым Ғабиден Шахманұлы Құрмановтың ғылыми жетекшілігі мен қолдауы ерекше рөл атқарды. Талмай ізденудің, табандылық пен мақсаткерліктің арқасында жас ғалым ғылым әлемінен өз орнын тапты.

1979 жылы Қостанай ауыл шаруашылығы институтына қызметке орналасқан Кәрбоз Жапарұлы өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен, жаңашылдығымен және ұстаздық шеберлігімен ерекшеленді. Ол бухгалтерлік есеп және аудит кафедрасының негізін қалап, ұзақ жылдар бойы оның дамуына өлшеусіз үлес қосты.

Сол кезеңде жоғары оқу орындарында қазақ тілінде білім алу мүмкіндігі шектеулі болатын. Ауылдан келген жастардың мамандық игеруіне тілдік кедергілер көп қиындық туғызды. Осыны терең түсінген ғалым бухгалтерлік есеп пәнін қазақ тілінде оқытатын топтардың ашылуына мұрындық болды. Бұл бастама жүздеген қазақ жастарының кәсіби білім алып, ел экономикасына қызмет етуіне жол ашты.

Ұстаз үшін білім беру тек дәріс оқумен шектелмейді. Ол шәкірт жүрегіне жол тауып, тұлға тәрбиелеумен өлшенеді. Кәрбоз Жапарұлы да дәл осындай ұстаз болды. Ол теориялық білімді өндірістік тәжірибемен ұштастырып, әр сабағын мазмұнды әрі тағылымды өткізуге ұмтылды. Өз білімін үнемі жетілдіріп, заман талабына сай жаңартып отырды. Осы қажырлы еңбегінің нәтижесінде доцент, кейін профессор ғылыми атақтарына ие болды.

Ғалымның тағы бір ерекше қыры – ұлттық тарих пен рухани құндылықтарға деген құрметі. Ол өзінің бабасы Бекбаулы Өтейұлының тарихи тұлғасын насихаттауға, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі қасиетті тақтаға есімін жаздыруға демеушілік жасап, үлкен азаматтық іс атқарды. Өтей бабаның ерлігі мен қайраткерлік қызметін ұлықтауда да айрықша еңбек сіңірді.

Кәрбоз Жапарұлының өмірлік серігі Мәдина Бөкейқызы да ғылым жолын таңдаған жан. Қос ғалым ұзақ жылдар бойы білім мен ғылым саласында қатар еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеп, ел игілігіне қызмет етті. Сондықтан оларды көпшілік құрметпен «Ғалымдар шаңырағы» деп атайды.

Профессордың ғылыми мұрасы да аса бай. Оның 300-ден астам ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектері жарық көрген. «Қаржылық талдау», «Нарықтық жағдайындағы бухгалтерлік есеп», «Есеп және талдау», «Аграрлық микроэкономика», «Агробизнестің негізі» сияқты оқулықтары мен оқу құралдары бірнеше буын студенттердің негізгі оқу әдебиеттеріне айналды. Ал «Аграрлық өндірістің тұрақтылығы», «Өндірістік қауіпсіздік жүйесіндегі аграрлық ортадағы тұрақтылық» атты монографиялары отандық аграрлық экономика ғылымына қосылған маңызды үлес болды.

2004 жылы ол «Аймақтың азық-түлік қауіпсіздігі жүйесіндегі аграрлық өндірістің тұрақтылығын көтеру» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғап, ғылымдағы биік белесті бағындырды. Оның зерттеулері бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Өйткені азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі – кез келген мемлекеттің тұрақты дамуының басты кепілі.

Ұстаздың алдынан мыңдаған шәкірт өтті. Олардың арасында мемлекет және қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындарының басшылары, ғалымдар мен білікті мамандар бар. Бұл – ұстаз еңбегінің ең үлкен жемісі.

Бүгінде Кәрбоз Жапарұлының өмір жолы – ғылымға адалдықтың, ұстаздыққа беріктіктің және елге қызмет етудің жарқын үлгісі. Ол қайрат пен ақылды, жүрек пен парасатты бір арнаға тоғыстыра білген тұлға ретінде құрметке ие.

Өмірдің талай белесін бағындырған ғалымның ең үлкен байлығы – артында қалған ізгі ісі, тәрбиелеген шәкірттері және халқына қалдырған ғылыми мұрасы. Осындай азаматтардың өнегелі ғұмыры кейінгі ұрпаққа әрдайым рухани бағдар болып қала береді.