Арқалықта Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған қалалық ән-күй фестивалі  өтті

Арқалықта Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған қалалық ән-күй фестивалі  өтті

Қазақтың әйгілі күйші – компазиторы, Қазақстанның халық әртісі, мемлекеттік сыйлығының иегері, КСРО халық әртісі, халық қаһарманының ел өнеріне қосқан үлесі шексіз.

Дарынды композитор 500-ден астам туындының авторы. Өмірін өнерге арнаған тума таланттың әр бір шығармасы тыңдарман жанның жүрек пернесін дөп басады.

Фестиваль шымылдығы композитор Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар» әнімен ашылды.

Байқау талабы бойынша үміткерлер Нұрғисаның бір әнін немесе бір күйін орындау тиіс.

Қатысушы өнерпаздардың өнерін Б.Байқадамов атындағы музыка мектебінің вокал пәнінің ұстазы Гүлнұр Баяхметова, Н. Құлжанова атындағы Торғай гуманитардық колледжінің ұстазы, домбырашы Ерлан Шәкіров, Арқалық қалалық Мәдениет сарайының ауылдық мәдениет үйі және клубтарының меңгерушісі, әнші Айбол Оңдаған бағалады.

«Қазақтың музыкалық мәдениетіне өшпес із қалдырған Нұрғиса Тілендиевтің бай шығармашылық мұрасын жаңғыртып, халыққа насихаттау және өнер жолындағы талантты жастарымызға қолдау көрсету, жаңа есімдерді анықтау мақсатында осы байқауды ұйымдастырып отырмыз.   Нұрғиса ағамыздың домбыра шертуі, домбыраның құлағында ойнауы тіпті бөлек, ол кісіге елікпейтін, шабыттанбайтын адам кемде кем шығар. Сондықтан, бүгінгі залда отырған әр бір адам өзінің Нұрғисасын іздеп, сағынып, аңсап келіп отыр деп санаймыз», – дейді қалалық Мәдениет сарайының көркемдік жетекшісі Мейіргүл Бектепбергенқызы.

Байқау қорытындысына қатысушыларға әдеттегідей сый –сияпат жасалып, зор ілтипат, құрмет көрсетілді. Түрлі аталымдар табыс етілді.

Ақтық мәресіне тоқталар болсақ, ән жанрында Ы.Алтынсарын атындағы педогогикалық институтының студенті Аружан Таласова, күй жанрында Родина ауылынан қатысушы Есенжол Бекболат бірінші орынды жеңіп алды.

Сондай – ақ, №2 жалпы білім беретін мектеп атынан қатысып Нұрғиасаның «Аққу» күйін әуелеткен Даниель Вовченконың да көрерменді өнерімен тәнті еткенін айта кетейік.

«Үкілеп әкелген жүйрігіміздің бағы жанып, бәйгеден олжалы оралғанымызға марқайып бара жатырмыз. Есенжол ауылымыздың атын шығарып жүрген өнерпаздарымыздың бірі. Өнер жолына түсіп, бүгінде өзі де шәкірт тәрбиелей бастаған жас маман», – дейді Родина ауылының мәдени ұйымдастырушысы Мұратбек Әбдісалықов.

 

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ 

Суреттерді түсірген – автор

Арқалық қаласы

 

 

Жаңалықтармен бөлісу