Қостанайда журналистер арасында шаңғы жарысы өтті 

Қостанайда журналистер арасында шаңғы жарысы өтті 

Анатолий Габриловтың есімі Тобыл өңіріне жақсы таныс. Қостанай спортын жариялап кеткен тележурналистиканың майталманы ретінде бұқара халықтың жүрегінде қалды.

Бұл туралы бір ұжымда үзеңгілес болған әріптесі Жанұзақ Аязбеков тебірене еске алады.

“Анатолиймен облыстық телеарнада бірге қызмет атқарып, талай рет сапарлас болдық. Шығармашылығымен қатар адамгершілік келбетімен де өзгелерден ерекшеленіп тұратын. Әрдайым жұртқа көмек қолын созуға асығып жүретін”, – дейді Жанұзақ Аязбекұлы ардагерді еске алуға арналған Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері арасындағы шаңғы фестивалінде.

Биыл бұл турнир Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының бастамасы арқылы Анатолий Габрилов табан аудармай отыз жылға жуық еңбек еткен “Қостанай” телеарнасының ұйымдастыруымен екінші рет жалауын көтерді.

Осы жарысқа арнайы Атырау қаласында тұратын қызы Алена да келді.

“Әкеміз спорт пен кәсіпті бөліп қарамайтын. Сол көзқарасын отбасында да үлгі ретінде дамытып, журналистикамен қатар алып жүрді. Бұл өнегесі өзгерлерге ізгі жол салады деп ойлаймын”, – дейді Алена.

Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының жетекшісі Александра Серғазинова турнирдің әлі де жалғасатын айтты.

Осы жарыстың өтуіне мұрындық болған “Зуевка” ЖШС директоры Александр Бородин, “Қостанай” телеарнасының директоры Ержан Қожабеков қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жарыстың қорытындысы бойынша “Қостанай” телеарнасы бірінші орынды иеленді.

Бәсекеге “Қостанай таңы” газетінің атынан Шұға Қоңқабай, Балауса Жүніс, Сергей Платонов қатысты.

Ерлер арасында  Сергей жетінші келді. Әйелдер арасында мәре сызығын Шұға алтыншы, Балауса жетінші кесті.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суреттерді түсірген – Бердіболат Көркембаев

Жаңалықтармен бөлісу