Мердігерлер келісім-шартқа сәйкес қаңтар-ақпан айларында қала және кенттерден жалпы көлемі 16500 текше метр қар шығаруы тиіс деп жоспарланып отыр.
Қысты күндері коммуналдық қызметтің басым бағыттарының бірі – жолдар мен жаяу жүргіншілер жолын уақытылы қардан тазартып отыру. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің көлік инфрақұрылымын дамыту секторының меңгерушісі Асылхан Қуанышбаевтың айтуынша, қардан тазалау жұмыстары қаланың және оған іргелес елді мекендердің көшелерінде, жергілікті маңызы бар жолдарды таза ұстау бағытында күндіз-түні тынымсыз жүргізілуде.
Қазіргі уақытта «АрқалықРемСервис» ЖШС қаланың орталық көшелерін, тротуарларды және қоғамдық орындарды қардан тазалауда. Северный, Дачный, Новый, Западный, Нефтебаза кенттерін қардан тазалаумен айналысатын мердігерлер де бар.
Көктемгі су тасқыны қауіпсіздігі үшін тұрғындар ауласының ішіндегі қарды қақпа сыртына шығарулары керек. Әрі қарай оны мердігерлер қала сыртына апарып төгеді.
Ауласында қалың қардың жатпауын кәсіпкерлік нысандары да қадағалауы қажет. Осыған сәйкес, құзырлы органдармен бірлескен ақпараттық – түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Ескертпеге құлақ аспаған жағдайда Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық» туралы Кодексінің 505-бабы аясында шара қолдану қарастырылған.
«Біріншіден – бұл тұрғындардың өз қауіпсіздігі үшін қажет. Биыл Наурыз айының орта кезінде күн райы күрт жылиды деп болжанып отырғанын ескерсек, қауіпсіздікке ерте бастан қамданудың маңыздылығы артады», – дейді мамандар.
Жыл басынан бері қаладан 8720 текше метр қар шығарылды. Наурыз айында 51600 текше метр қар шығару жоспарланып отыр.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген — автор
Арқалық қаласы