Арқалықта жылдық көрме жұмысын бастады

Арқалықта жылдық көрме жұмысын бастады

Биыл қазақ елі үшін ғана емес, күллі адамзат өркениетінен ойып тұрып өз орындарын алған ұлы ойшыл, кемеңгер ақын – ғалымдарымыз Әбу Насыр Әл – Фарабидің туғанына 1155 жыл, Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жыл, Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл, Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл толмақ.

Осыған орай, Арқалық қаласындағы облыстық №2 ғылыми – әмбебап кітапханасында «Ұлттың ұлы тұлғалары» атты кітап көрмесі қанатын қақты.

Жылдық – мерейтойлық көрменің салтанатты ашылуында қала әкімінің орынбасары Мешітбай Жұманов құттықтау сөз сөйледі. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Әубәкіров, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының құрметті профессоры Ардақ Абдуллина, Арқалық қаласының құрметті азаматы Қайырден Тұрсынбекұлы жылы лебіздерін білдіріп, көрменің кермесін қиды. Институт жанынан құрылған М.Дулатұлы атындағы әдеби-мәдени бірлестігінің мүшелері жалынды жырларын оқыды.

Тарихи тұлғаларға арналған көрме: «Дәуір данышпаны», «Түнекті түрген найзағай», «Ұлт руханиятының темірқазығы», «Алаштың сөнбес жұлдызы» атты 4 бөлімнен тұрады. Көрмеден фарабитанушы А. Машановтың «Әл-Фараби көпірі», «Әл-Фараби және Абай», жазушы С. Бегалиннің «Шоқан асулары», Абайдың «Қара сөздері» , «Толық адам» ілімі», жазушы М. Әуезовтің «Абайды білмек парыз ойлы жасқа», М.Дулатовтың «Оян, қазақ!», «Азамат», «Терме» аталатын өлең жинақтарындағы жырлары мен аудармаларын көруге болады.

 

«Ұлтымыздың ұлы тұлғаларының өнегесінің құны дәуір алмасқан сайын артпаса, кемімейді. Ұлт болашағы үшін қам жеген ұлы перзенттер бізге мазмұндық тұрғыдан өлшеусіз, халықтың рухани азығына айналған мол қазына қалдырды.

Қазақ топырағынан шыққан кемеңгерлердің тарих тереңінен бүгінге жол тапқан асыл мұралары халқымыздың алтын тұғыры, түп негізімізге үңіліп, ұлттық ұстынымызды іздеген ұрпақтың басын біріктіретін мәңгілік рухани тірек»,-дейді кітапхана директоры Сәуле Алматова.

Тағылымды іс – шарада ұлылар мұрасымен сусындап, белсенділік танытқан жастарға кәдесый ретінде кітаптар табысталды.

 

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген – автор

                                                                        Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу