Зейнеткер, қажы Сакин Байгелдиннің Мемлекет басшысының атына шағым хат жазуына Құранды мазақ етіп, оны өртеу оқиғасы себеп болған.
Сакин Шәкірұлы мұсылман қауымының құндылығын қорлайтын әрекетке барған тұлғаларды анықтап, қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұраған. Бұл өтініш ҚР Президенті атына 2025 жылдың 6 ақпанында тіркелді. Хаттың толық мәтінін назарларыңызға ұсынамыз:
“Жақында ғаламторда белгісіз біреулер Қазақ елінде қасиетті Құранды жыртып, өртеп жатқан бейнежазба қазақ тіліндегі әдепсіз әзілдер мен әзіл-қалжыңмен сүйемелденді. Бұл әрекет бәріміздің намысымызға тиді.
Бұл біздің қоғамға тікелей қарсылық, исламофобияның айқын көрінісі. “Бізге не істейсіңдер?”- деп қоғамға қарсы шығу!
Бұл Қазақстандағы ғана емес, бүкіл әлемдегі мұсылман дінін ұстанушыларының сезімін қорлау.
Бұл дінаралық араздықты қоздырып, адамгершілік негіздерімізге нұқсан келтіруге бағытталған арандатушылық.
Кеңес өкіметінің қиын жылдарында Шешенстан, Ингушетия халықтары, Қырым татарлары, Еділ бойынан немістер, Қиыр Шығыстан корейлер және т.б. халықтар өздерінің еркінен тыс бізге қоныстандырылған кезде, олар қиын жағдайға қарамастан, қолындағы барымен бөліскен қазақ халқының мейірімділігін, қонақжайлылығын, ақ көңілділігін сезінді. Себебі дана бабаларымыз бала кезінен өзінің салт-дәстүріне, мәдениетіне, рухани өміріміздегі іргелі Ислам дініне деген құрметті сіңірген.
Қасиетті Құран біздің жолбасшымыз.
Бұл АЛЛАНЫҢ бүкіл адамзат үшін үлкен РАХЫМЫ!
Мұсылмандар үшін ҚҰРАН Кәрім маңызды әрі қымбат!
Қасиетті кітабымызды жағу –
шайтан-іблістің ізбасарлары дүние жүзіндегі мұсылмандарды мазақ еткені және оларға түкіргендері, біз бұларды қоғам алдында айыптап, құқық қорғау органдары қатаң тыйым салу керек.
Қасиетті Құранда:
“Сондай-ақ ол мүміндер үшін тура жолға бастаушы һәм бастан-аяқ рақым болып табылады”, – делінеді
(27 “Нәмл” сүресі, 77 аят).
Құрметті Қасым- Жомарт Кемелұлы!
Құранды өртеген тұлғаларды анықтап, қылмыстық жауапкершілікке тарту шараларын қолдануыңызды сұраймын.
Мұндай әрекеттерді түбегейлі тоқтату керек және осы жағдайда сіз бізді қолдайды деп сенеміз!”
Сурет kavkazr.com сайтынан алынды