25 мая, 2025
Арқалықта Отан қорғаушылар күні аталып өтілді

Арқалықта Отан қорғаушылар күні аталып өтілді

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен ҚР Қарулы күштерінің мерекесіне арналған «Ерлігі ерен – ер бабам» атты салтанатты жиын өтіп, батырлардың ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.

Қала әкімі Әмірхан Асанов құттықтау сөз сөйлеп, марапаттауларды табыс етті.

«Бұл күн – ерліктің, батылдық пен патриотизмнің символы болып саналады. Қарулы күштерде қызмет ету – әрбір қазақстандықтың мерейлі міндеті. Отан алдындағы қасиетті парызы. Жыл сайын Арқалық қаласынан мерзімді қызмет өткеру үшін жас азаматтар әскер қатарына шақырылып, ел алдындағы борышын абыроймен атқарып келуде. Жыл сайын көктемгі су тасқыны кезінде әскерилеріміз көмек қолын созып, қауіптің алдын алуда елге зор көмегін тигізуде. Біз оларға алғысымызды білдіреміз. Әскери қызметкерлеріміз қашанда мемлекетіміздің мызғымас тірегі, Тәуелсіздігіміздің кепілі болып қала бермек», – деп атап өтті қала әкімі Әмірхан Асанов.

Еңбек озаттарына облыс әкімінің және қала әкімінің «Құрмет грамоталары» салтанатты түрде табыс етілді.

 Патриоттық іс – шара ел рәміздеріне құрмет көрсетумен астасып, қала өнерпаздары ән-жырдан шашу шашты. Халықтық «Қазақ ұлт-аспаптар оркестрі», «Ардагерлер хоры», «Ақбота» би ансамблі және «Жігіттер триосы» сынды іргелі ұжымдар өнерлерін паш етті.

1992 жылы 7 мамырда еліміздің қарулы күштері құрылып, содан бері үздіксіз дамып, бүгінде әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті айбынды әскерге айналды.

 

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген – автор

Арқалық қаласы