24 июня, 2025
Арқалықта ономастика саласындағы өзекті мәселелер талқыланды

Арқалықта ономастика саласындағы өзекті мәселелер талқыланды

«Жер – су атаулары:елдік сана және рухани жаңғыру» атты көшпелі семинарда ұлттық сананы жаңғырту, тарихи әділеттілікті қалпына келтірудің бағыттары назарға алынды.
Семинарға белгілі саясаткер, Қазақстанның «Алянс» ұйымының вице — президенті Досмағанбет Көшім, тіл жанашыры, А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры, «Құрмет» орденінің иегері Қалқаман Жақып қатысты.

Көшелер мен елдімекен атаулары ол тек белгілер ғана емес, ұрпаққа үлгі болатын рухани белгі, тарихи сабақтастықтың көрінісі. Алыстан арнайы ат арытып келген білікті сарапшылар осы бағытта өзіндік ой-пікірлерін, ұсыныстарын ортаға салып, ономастика саласындағы тәжірибелерімен бөлісті.

Облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Мэлс Әбдірахманов мәлімдегендей, егемендікке қол жеткізген уақыттан бастап облыс бойынша 14 аудан мен қалалардың, 51 ауылдық округ және кент пен ауылдың, 300 көшенің, 60 нысанның атауы өзгертіліп, жаңартылу берілген.

Қазіргі таңда идеологиялық тұрғыдан ескірген 53 елдімекен мен 455 құрамдас бөліктер бар.
Арқалық қаласындағы 4 ауылдық округтің 2-і ұлттық танымға жақын, 2-і өзге тілде. Басқарма басшысының орынбасары бұл мәселе бойынша алдағы уақытта жұмыстар жасалатынын жеткізді.
Ономастика саласында шешімін күткен проблемалар баршылық.

Мәселен, Аманкелді ауданындағы музыка мектебі өңір тумасы, белгілі тұлға Төкен Елтебаевтың есімімен аталып келсе, мектептің жабылып қайта ашылуының салдарынан әлі күнге дейін бұрынғы атауын қайтара алмай жүр. Мектептің алдында мүсіні тұр, бірақ есімі берілмеген.

Көшпелі жиында елдің абыз ақсақалдары Мұхтар Ходенов пен Шөптібай Байділдин, айтыс ақтаңгері, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің профессоры Айбек Қалиев сөз алып, көтеріліп отырған мәселелердің түйіні тарқатылатын уақыттың жеткенін алға тартты. Осы бағытта жасалып жатырған жұмыстардың қадамына сәттілік тіледі.
Семинарға көршілес Аманкелді және Жанкелдин аудандарынан да арнайы делегациялар келді.

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген – автор

Арқалық қаласы