Кредиторлық берешегі 100 млн теңгеден асатын негізгі медициналық ұйымдардың қатарында облыстық аурухана (839,1 млн теңге), Рудный қалалық көпсалалы ауруханасы (499,7 млн теңге), Әулиекөл аудандық ауруханасы (275,7 млн теңге) және облыстық балалар ауруханасы (228,5 млн теңге) бар.
Облыстағы медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегінің шарықтау шегі 2023 жылы тіркелді және жалпы сомасы шамамен 6 млрд теңге болды. Қаржылық жағдайды тұрақтандыру мақсатында былтыр бірқатар нақты шаралар қабылданды. Дей тұрғанмен мәселе әлі де бар. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен жиналыста облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Данияр Жандаев баяндады.
Бүгінгі күні қарыздан құтылу үшін медициналық ұйымдардағы бөлімшелер оңтайландырылып, әкімшілік-басқарушылық құрамның штат бірліктері қысқартылуда. Медициналық қызметкерлерге берілетін қосымша төлемдер мен үстемақылар көлемі төмендетілп, өзге де шығындар қайта қаралған. Аталған шаралар медициналық ұйымдардың ағымдағы шығындарын едәуір қысқартуға, қаржы ресурстарын үнемдеуге және басқарушылық шешімдердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік берген. Кредиторлық берешекті өтеуге 1,3 млрд теңге көлемінде қосымша қаржы облыстық бюджеттен бөлінген.
«Жүргізілген кешенді іс-шаралар мен қосымша қаржыландыру нәтижесінде жыл басындағы жағдай бойынша облыстағы медициналық ұйымдардың жалпы кредиторлық берешегі 4,7 млрд теңгеге қысқарып, 1,3 млрд теңгені құрады. Алайда, 2025 жылдың алғашқы 5 айының қорытындысы бойынша ағымдағы кредиторлық берешек 2,2 млрд теңге. Бұл сома әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тарапынан толық қаржыландыру аяқталғаннан кейін өтелетін болады. Қазіргі таңда медициналық ұйымдар тек сәуір айына дейін қаржыландырылған», – деді Данияр Жандаев.
Басқарма басшысы кредиторлық берешектің өсуінің басты себептерінің бірі «СК-Фармация» бірыңғай дистрибьюторы тарапынан дәрілік заттарды тоқсан сайынғы кестеге сәйкес жеткізуін атады. Бұл жеткізілімдер медициналық ұйымдарға кейінгі айларда есептеледі, нәтижесінде уақытша берешек көлемі ұлғая түседі.
Уақытылы қаржыландыру және медициналық ұйымдардың үйлесімді, жауапты жұмысының нәтижесінде 2025 жылдың соңына дейін кредиторлық берешек толық өтеледі деп жоспарланып отыр.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА