Бұл туралы Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов өңірлік коммуникация орталығында өткен баспасөз мәслихатында айтты.
Қала әкімі соңғы төрт айда өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда және инвестиция тарту бағыттарында өсімнің байқалғанын тілге тиек етті.
«Биыл бізде алты ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Жел электр станциясы, тері өңдеу зауыты, асфальтбетон және қиыршық тас шығаратын кәсіпорындар бар. Бұл жобалар 162 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Агроөнеркәсіп саласында 4,8 млрд теңгеге 3 жоба іске асырылады. 10 мың бас қой өсіру жөніндегі мал шаруашылығы кешені, бордақылау алаңы және құс фабрикасын жаңғырту жобасы қолға алынды», – деді Әмірхан Асанов.
Қалада «Бизнес көмек» бағдарламасы арқылы жалпы құны 505 млн теңгені құрайтын 8 жоба мақұлданды. Жол, су, жылу және жарық инфрақұрылымы кезең-кезеңімен жаңартылуда. Қазіргі таңда ұзындығы 21,6 шақырым болатын 5 жол учаскесіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Баспасөз мәслихатында көпқабатты үйлерді жөндеу, бос тұрған ғимараттарды іске қосу, өзге де жасалып жатқан құрылыс жұмыстарының түйіні тарқатылды. Толығырақ газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы