Ол туралы «Жас — Ұлан» жасөспірімдер орталығының мәжіліс залында ұйымдастырылған салтанатты жиында қала әкімі Әмірхан Асанов айтып, мүмкіндігі шектеулі жандардың ұдайы мемлекет қамқорлығында екенін, қалада оларға қолжетімді орта жасау жұмыстары кезең — кезеңмен жүргізіліп жатқанын алға тартты.
Арқалық қаласында 1682 мүгедектігі бар адам тұрады, оның 251 — і балалар. Дыбыстық сигналдары бар бағдаршамдар орнатылды, ғимараттарға кіруді жеңілдету үшін пандустар салынуда, инватакси қызметтері қолжетімді, көтергіш құрылғылар және т.б құралдар сатып алынуда.

2014 жылдан бастап барлығы 74 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны мүгедектердің қажеттіліктеріне бейімделді. Мемлекет жыл сайын осы санаттағы әлеуметтік қолдау шараларын қаржыландыруды арттырып келеді.

«Бүгінде мүгедектігі бар азаматтар жаңа мамандықтарды игеріп, өз бизнестерін бастап, Ұлттық кәсіпкерлікті дамыту жобасы арқылы гранттар алуда. Тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар үшін арнайы жұмыс орындары құрылуда, бұл олардың жұмыспен қамтылуына және қоғамға белсенді қатысуына ықпал етеді. Биыл облыстағы оңалту орталықтарында 77 мүгедек емделді, елдегі санаторийлерле 219 адам сауықтырудан өтті, 147 адам протездік-ортопедиялық көмек алды, 191 адам гигиеналық құралдармен, 35 адам мүгедектер арбасымен, 28 адам есту аппараттарымен және 53 адам тифло-техникалық құралдармен қамтамасыз етілді», – деді қала әкімі Әмірхан Асанов.
Мүгедектігі бар 38 бала үйде оқытылады. Қалада күніне 20 мүгедектігі бар кісіге медициналық қызмет көрсететін «Жақсылық» оңалту орталығы жұмыс істейді.

Бұл оңалту орталығында жүйке жүйесі мен тірек-қимыл аппаратының мүгедектік ауруларынан зардап шеккен мүгедектер мен балалар медициналық сақтандыру арқылы тегін емделу мүмкіндігіне ие.
Мерекелік іс-шарада мүмкіндігі шектеулі жандардың шебер қолдарымен әзірленген қолөнер көрмесі құрылып, қызмет алушылардың күшімен ән әуелеп, би биленген өте әсерлі, көрнекті үйлескен концерттік бағдарлама қанатын кеңге жайды.
Мереке құшағындағы жандарға қала әкімі мадақтамалар, сыйлықтартар табыс етті.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
