Өңірде мал басы еселеп өскен

Өңірде мал басы еселеп өскен

Бұл туралы баспасөз мәслихатында облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ибрагим Бекмұхамедов егжей-тегжейлі баяндады.

Биыл облыста мал шаруашылығы саласы тұрақты өсім көрсетті. Өндірістік секторда да, жеке шаруашылықтарда да оң динамика байқалды. Мал басының артуы, өнім өндірісінің көбеюі және ауқымды инвестициялық жобалардың іске асуы өңірдің аграрлық әлеуетінің нығайып келе жатқанын айғақтайды.

Қараша айының басындағы деректерге сүйенсек, облыста ауыл шаруашылығы жануарларының саны артқан. Ірі қара мал өткен жылмен салыстырғанда 3 мың басқа көбейіп, 396,6 мыңға жетіпті. Олардың 60%-ға жуығы – өндірістік секторда, қалғаны – жеке қосалқы шаруашылықтарда.

            «Жылқы саны 5,6% өсіп, 170,1 мың басқа көбейді.  Қой-ешкі де 453,3 мыңға жетіп отыр. Шошқа саны 70,6 мың, құс саны 3 млн деңгейінде сақталды. Өндірістік сектордағы ірі қара 237,1 мыңға артып, өткен жылға қарағанда 2,8% асып түсті.  Былтыр  118,8 мың бұзау алынса, биыл он айда бұл көрсеткіш 123,6 мың басқа жетті. Бұл саланың репродуктивтік әлеуетінің едәуір артқанын көрсетеді», – деп нақты мысалдар келтірді басқарма басшысы.

Мал басының артуы өнім өндірісіне де оң әсерін тигізері сөзсіз. Он ай ішінде 53,4 мың тонна ет, 205,7 мың тонна сүт және 319 млн дана жұмыртқа дайындалған. Әсіресе сүт өндірісінде 9,4% өсім байқалады. Жалпы, өңірде сүт өндірісімен айналысатын 60-тан астам шаруашылық және 17 ірі сүт-тауар фермасы жұмыс істеп тұрғанын айта кету керек.

            «Ал ет бағытындағы ірі қара өсірумен облыста 2665 шаруашылық айналысады. Бұл бағыттағы мал саны – 114,6 мың. Бір малдың орташа тірі салмағы 344 ккелі болса, өндірістік секторда 436 келіге дейін жетеді. Қырық бордақылау алаңы жылына 38 мың басқа дейін мал бордақылай алады. Жыл басынан бері 21,5 мың бас мал тапсырылған. Экспорт көлемі де артып келеді. Биыл облыстан 2314,6 тонна ет сыртқа жөнелтілді. Оның ішінде сиыр еті Өзбекстанға, құс еті Ресей нарығына шығарылды», – дейді Ибрагим Бекмұхамедов.

blank Соңғы екі жылда өңірде мал шаруашылығы бағытында 20 млрд теңге инвестиция игеріліп, 7 сүт-тауар фермасы салынған.  Келер жылы жалпы құны 27–30 млрд теңге болатын ондаған жобаны жүзеге асыру жоспарда бар. Атап айтқанда, ет бағытындағы ірі кешендер, құс фабрикалары, балық шаруашылығы нысандары және қайта өңдеу кәсіпорындары іске қосылады. Арқалық қаласында жоспарланған «Консорциум 20+1» жобасы өңірдегі ет өндірісін жаңа деңгейге көтереді деп болжанып отыр.

Жалпы, облыстағы мал шаруашылығы саласы соңғы жылдары тұрақты дамып келеді. Мал басының көбеюі, экспорт көлемінің артуы және ірі инвестициялық жобалардың іске асуы  – өңір агросекторының жоғары қарқынмен ілгерілеп келе жатқанына дәлел.

Олжас Ғабдімәлік,

ҚӨУ студенті