Арқалықта «Домбыра сыйла» челленджі басталды 

Арқалықта «Домбыра сыйла» челленджі басталды 

 

Челленджді ұлттық өнерге үлкен жанашыр болып, нақты қолдау көрсетіп жүрген қала әкімі Әмірхан Асанов бастап берді.

Қала әкімі Кейкі батыр атындағы жалпы білім беретін мектептің 7 сынып оқушысы Назым Фазыловаға ұлттық аспапты салтанатты түрде сыйға тартты.

  «Күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлы, Дина Нұрпейісова, жерлесіміз Анар Мұздахановаларға ұқсап, дәулескер күйші болсын, үздік оқушы болсын, өнері өрге жүзе берсін деп, домбыраны насихаттап, дәріптесін деп сыйға тартып отырмын», – деді қала әкімі Әмірхан Асанов.

Қала басшысы Әмірхан Біркенұлы өзі бастаған челленджді Арқалық қалалық Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Мұрат Ерлібековке, Арқалық қалалық полиция басқармасының басшысы Орал Баймурзинге және «Шоқан» шаруа қожалығының басшысы Нұрлан Жамановқа ұсынды.

Қазақстан Республикасында Президент жарлығымен 2018 жылдан бастап шілде айының бірінші жексенбісі «Ұлттық домбыра күні» болып бекітілген болатын. Содан бері ауқымды іс-шаралар легі жалғасып жатыр.

Арқалықтықтар 2022 жылы жаппай бір мезетте 5 күй тартып, оған 1000 домбырашы қатысқан болса, 2023 жылы 7 күй тартып 1500 домбырашы қатысты. Енді, 2024 жылы 7 шілде күні 7 күй орындап 2000 домбырашы шығады деп жоспарланып отыр.

Қазіргі уақытта қала мекемелері мен ұжымдарында домбыра күніне дайындық жұмыстары жүргізілуде. Айта кету керек, қатысушылардың 70 пайызы мектеп оқушылары. Сол себепті, билік өкілдері домбыраны әрі қарай насихаттау үшін және домбыра үйірмелеріне қатысып жүрген балаларға қолдау көрсету үшін домбыра сыйлау челленджін қолға алып келеді.

 

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген автор

Арқалық қаласы

 

 

Жаңалықтармен бөлісу