Бүгін еліміз үшін өте маңызды тарихи күн. Өйткені, еліміздің болашағын айқындайтын референдум өтіп жатыр.
Арқалық қаласы, Шақшақ Жәнібек көшесі, №81 Кейкі батыр атындағы №4 жалпы білім беретін мектебі ғимаратында орналасқан №103 референдум учаскесінде де азаматтардың дауыс берулері үшін барлық жағдай жасалған.


Дауыс берушілер қатарында қала тұрғындарымен бірге қала әкімі Әмірхан Асанов өз таңдауын жасады.

«Комиссия өз жұмысын таңертеңгі сағат 07:00-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін атқарады7 Учаскемізде 7 комиссия мүшесі жұмыс істейді. Әрбір азамат өз таңдауын жасап, белсенділік танытуда. Дауыс берушілер тізіміне 1725 адам енгізілген. Халық жақсы келіп жатыр. Сағат 09:00-ғы есеп бойынша 180 адам таңдауларын жасап үлгірді. Келушілер қатары сәт сайын молая түсуде», – дейді №103 референдум учаскесі комиссиясының төрағасы Алма Жамбылқызы.
Мейрам Рахымжанұлы,
«Дауыс» коалициясының бақылаушысы:

«Таңертеңнен бері осы референдум учаскесінде бақылау жүргізіп отырмын. Бюллетендер тек құжат бойынша берілуде. Референдум учаскесінде талап қатаң сақталып, тәртіп толық қамтамасыз етілген. Кезек күтіп, көп тұрып қалушылар жоқ. Бәрі жақсы деңгейде достық, ынтымақтастық жағдайда өтіп жатыр». Ел өміріндегі ерекше күннің құрметіне референдум учаскелерінде ән мен күй әуелеп, сауда – саттық жәрмеңкесіне де еркіндік берілген.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
