Арқалықта «Би әлемі» атты аймақтық фестиваль өтті

Арқалықта «Би әлемі» атты аймақтық фестиваль өтті

Халықаралық бишілер күні және қазақ би өнерінің падишасы, Торғай өңірінің дарынды тұлғасы, ҚР-ның мәдениет қайраткері, «Құрмет» белгісінің иегері Бархыт Бушаеваны еске алуға арналған «БИ ӘЛЕМІ» атты аймақтық фестиваль көрермендер көзайымына айналды.

Фестивальге Жанкелдин ауданынан «Еркеназ» үлгілі би ансамблі (жетекшісі Томирис Ақтас), Жітіқара ауданынан «Танцевальная графика» эстрадалық-халықтық би ансамблі (жетекшісі Яна Тарнарудская), Майлин ауданынан «Diamonds» би тобы (жетекшісі Евгения Орлова), Арқалық қаласынан «Ақбота» халық би ансамблі (жетекшісі Аружан Ембергенова), «Тұмар» би тобы (жетекшісі Ақмарал Бауыржанова), «Айару» би тобы (жетекшісі Мейрамкүл Тайшықова) би ұжымдары қатысты.

Салтанатты ашылуында қала әкімінің орынбасары Абзал Ташимов құттықтау сөз сөйлеп, қонақтарға қала әкімінің атынан алғыс хат тапсырып, иықтарына шапан жапты.

Фестиваль екі кезеңді қамтыды. Бірінші кезеңде қазақ дәстүрлі биі (сюжеттік, ойындық, бейнелі т.б), екінші кезеңде халық стиліндегі би сарапқа салынды.

Әділқазылар алқасының құрамында би өнерінің майталмандары: ҚР Мәдениет қайраткері, облыстық меценаттар клубы «Қазына» сыйлығының иегері, «Ақбота» халық би ансамблінің негізін қалаушы Ерсін Жүсіпов, Қостанай жоғары педагогикалық колледжінің бөлім меңгерушісі Салтанат Доспанова, Қостанай қаласы Балалар шығармашылығы мектебінің «Алтынай» халықтық — үлгілі би ансамблінің жетекшісі Салтанат Нұрымова, облыстық көкемөнерпаздардың халық шығармашылығы мен кинобейнеқор орталығының әдіскері Қуаныш Жаркенов, Қостанай жоғары педагогикалық колледжінің оқытушысы Бану Шаяхметова қазылық жасап, әділ бағасын берді.

Бас жүлдені Бейімбет Майлин ауданының «Diamonds» би тобы жеңіп алды. Жүлдегерлер грамотамен, кубокпен, қомақты қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

Ұйымдастыру алқасының төрайымы, Арқалық қалалық мәдениет сарайының директоры Замзагүл Мергенова қорытындылап, аталмыш фестивалді өткізу жыл сайын дәстүрге енетінін жеткізді.

«Бархыт Тукейқызы менің алғашқы ұстазым. Би әлемінен тәлім – тәрбие беріп, өнеріме жол ашқан адам. Ұстазымның өнегелі тәрбиесінің арқасында би өнерін өмірлік жолыма айналдырдым. Мұндай іс-шаралардың өскелең жастарға берер тағылымы зор. Сол себепті, фестивалдің жоғары деңгейде өтуіне мүмкіндік жасаған ұйымдастырушыларға зор алғысымды білдіремін», – дейді Арқалық қаласындағы «Натараджа» үнді — би ансамбілінің жетекшісі Әйгерім Осипова.

 

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген – автор

                                                                          Арқалық қаласы