Іс-шараға аудан тұрғындары мен мекеме қызметкерлерінен құралған 10 топ қатысты. Қатысушылардың жалпы саны — 200 адам.
Жарыстың шарты оңай болмады – тек қоқыс жинап қана қоймай, оны түр-түріне қарай сұрыптау талап етілді. Бұл ереже көптеген қатысушылар үшін күтпеген тосынсый болды.
Қоқыс жинауға нақты 1 сағат уақыт берілді.
Старт белгісі берілгенде қатысушылар қолдарына қаптарын алып, жан-жаққа шашылған тарыдай тарады.
«Сенбілік ерекше форматта өрбіді. Бізге нақты шарттар мен шектеулі уақыт берілген. Жарыс түрінде ұйымдастырылғаны арқасында барлығымыз жауапкершілікпен қарап, шапшаң әрекет ете бастадық. Мұндай акция өте қызықты, іш пыстырмайды», — деді жарысқа қатысушы Бахтияр Мәлік.
Жарыс қорытындысы бойынша шамамен 3 тонна қоқыс жиналды. Оның 1 тоннасы пластик, 500 келісі шыны қалдықтары. 300 кг қаңылтыр, 1200 кг өзге де аралас тұрмыстық қалдықтары шығарылды.
Іс-шара барысында қоқысты сұрыптап жинауға және оны қайта өңдеуге ерекше назар аударылды. Қатысушылар тек жағалау аумағын тазалап қана қоймай, жоғары экологиялық жауапкершілік пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсете білді.
Балауса ЖҮНІС
Қостанай ауданы