«Қазына» халықтық ардагерлер хоры көрермендеріне «Өнер қазынасы – ардагерлер» атты жылдық есеп беру концертін ұсынды.
Биыл қалалық мәдениет сарайы жанынан құрылған ардагерлер хорына 20 жыл толып отыр.
Осы уақыттарда іргелі ұжымның жеткен жетістіктері де аз емес. ҰлыЖеңістің 70 жылдығында облыстық байқаудың жеңімпазы атанып, 2015 жылы Астана қаласында өткен «Қайран ерлер қаһарман ардагерлер» республикалық байқауының үшінші орын жүлдегері атанды.
2016 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі«Қазына» ардагерлер хорына «Халықтық» атағын берді.
Елге сыйлы ардагерлер Астана, Қостанай қалаларына, Жарқайың, Аманкелді, Жанкелдин аудандарына гастролдік сапармен барып, өнерін ел арасында кеңінен паш етті.
Мерейтойлық концертті «Қазына» халықтық ардагерлер хоры қос алыптың шығармашылығынан туған, ақын Мұхтар Шаханов пен композитор Шәмші Қалдаяқовтың атақты «Арқалықтың ақ таңы» әнімен ашты. Дирижері – Гүлнұр Баяхметова.
Ардагерлер Кеңшілік Омаров, Айткүл Бекентай, Жеңіс Жұмағалиев және басқалар әуелете ән шырқап, көптің құрметіне бөленді.
ҚР Мәдениет қайраткері Бораш Әбенов жетекшілік ететін ұлт — аспаптар ансамблі күмбірлетіп күй төгіп, көрермен көзайымына айналды. ҚР Мәдениет қайраткері, сахна саңлағы Бөлтірік Молдашев әуезді үнімен жұртшылықтың ықыласына кенелді.
Ардагерлер хорының репертуарында Міржақып Дулатовтың «Алаш маршы», Кәки Ақанның «Ардагерлер»сияқты сүбелі әндер бар. Әсерлі кеште көрермен қауым өнер тарландарының құшақтарын гүлге толтырды.
Кеш соңында қала әкімі Әмірхан Асанов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Әубәкіров сахна төріне шығып, ұжымға ілтипаттарын білдірді. Ардагерлерге қала әкімінің«Алғыс хаты» мен «Ықылас гүлі» тарту етілді. Марапаттау мен ықылас көрсетуден қала мекемелері мен ұжымдары да қалыс қалған жоқ.
«Өнер ұжымына халықтық атағын беру — жоғары бағаланғаны. Сан салада қызмет жасап, қаламыздың дамуына үлес қосқан алдыңғы толқын өкілдері бүгінгі күні өнерлері арқылы елге рухани азық сыйлап, ұлағатты іс атқарып отыр. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейді дана халқымыз. Қарияларымызды құрметтеп, ардақтау кейінгі толқынға парыз. Қарттарымыздың ұрпаққа берер тәрбиесі мен тәлімі мол»,-деп атап өтті қала әкімі Әмірхан Асанов өзінің құттықтау сөзінде.
Бүгінде ұжымда 35 ардагер тұрақты түрде өнер көрсетіп келеді. Ардагерлер ансамблі көрермен сұранысына сай бейімделіп, өнерлерін сан бағытта дамытуда. Өнер ұжымы жанынан қазақ ұлт — аспаптар ансамблі, «Асыл әжелер» және «Ивушка» атты вокалдық топтарды құрылған. «Қазына» ардагерлері ансамблінің бағдарламасында әннен бөлек көркемсөз, би, әзіл-сықақ жанрлары да қамтылған.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген автор
Арқалық қаласы