Мемлекеттен беріліп жатқан қайтарымсыз гранттың арқасында кәсіптің сан түрін ашылуда. Соның бірі – жылжымалы монша.
Арқалықтағы көп балалы жанұяның отағасы Ержан Берікұлы «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы» аясында 1 млн 380 мың теңге қайтарымсыз грант иеленді. Кәсіптің ерекше түрін таңдаған азамат автобус сатып алып, оны төрт адамдық монша қылып жабдықтап қойған.
Кәсіпкер жылжымалы моншасын барынша қауіпсіз, әрі тұтынушыларына ыңғайлы еткен. Аңшылар, табиғат аясында демалушылар, қашықта тұратын шаруалар болсын, жайлы монша, ыстық буды қаласа, бір қоңыраумен – ақ моншаны өздеріне шақырып алуына болады.
«Бұл кәсіп көптен ойымда жүр еді. Қолайлы жағдайды күтіп жүрген болатынмын. Міне, енді соның сәті түсіп мемлекеттік бағдарламаның көмегімен арман еткен ісімді бастадым. Ол қаржыға автобус, 220 вольт тоқ беретін қозғалтқыш, пеш тәрізді қажетті дүниелерді сатып алдым. Автобустың ішін жылу ұстағыш материалмен қаптадым. Нәтижесінде монша іші қандай суықта да өз жылуын бойына сақтап тұрады. Қызметім қымбат емес, қалтаға қолайлы, тұтынушыларым дән риза. Біздерге кәсібімізді бастауға қолдау білдірген үкіметімізге зор ризашылығымды білдіремін», – дейді жеке кәсіпкер Ержан Құдабаев.
Жылжымалы моншаның ішінде шай ішіп демалып отыруға арналған орын, парға арналған бас киімдер, тоңазытқыш, музыкалық құрылғы қойылған. Себезгісі де бар. Шақырған жеріңізде су болса болды, арнайы сорғышымен қажетті суын сорып алып, тез арада ысытып, моншаңызды дайындап бере қояды.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы