Көбеевтің қабірі неге қараусыз қалды?

Көбеевтің қабірі неге қараусыз қалды?

Биыл Спандияр Көбеевтің 145 жылдығына орай Қостанайдағы Ыбырай Алтынсарин  мемориалдық музейі ұлы ағартушының қамқорлығын көріп, тағылымын алған тарихи ірі тұлғаның қоғамдағы ұстаздық қызметін объективті түрде бағалап, шынайы көрсету, мәліметтер жинау мақсатында ғылыми экспедиция ұйымдастырған еді. Шебер педагог, аудармашы қаламгер, жазушы  Спандияр Көбеевтің қалдырған шығармалары мен қызметінің маңызды ерекшеліктерін көрсете отырып, әділ баға беруде экспедиция аясында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ондағы жиналған тақырыпқа сай қажетті ғылыми- танымдық сипаттағы материалдармен музей қоры толықты. Ақсуаттағы орта мектеп жабылғаннан кейін жазушыға тиесілі заттар мен кейбір құжаттар Ы.Алтынсарин мемориалдық мұражайының қорына берілді.

Экспедиция мүшелері қазақ прозасының негізін қалаушылардың бірі Спандияр Көбеевтің өзі туып-өскен сол Меңдіқара ауданының Ақсуат ауылында орналасқан зиратына барып қайтты. Осы жерде айтпағымыз, Спандияр Көбеев зиратының бүгінгі жағдайы  сын көтермейді.  Көне тамның құлақтары әбден мүжіліп, сылағы түскен,  тозығы жеткен кейіпте. Әзірге зираттың алдында орын бар. Алдағы екі-үш жылда ағартушының зираты көп қабірдің тасасында көрінбей кететіні анық.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында тарихи-мәдени ескерткіштеріміз біршама жаңғыртылып, қорғалғаны мәлім. Алайда, аталмыш бағдарлама барлық мәдени-тарихи сәулетті ескерткіштерімізді, киелі мекендерді толығымен қамтыды деп айта алмаймыз. Осы орайда, Спандияр Көбеевтің де зираты киелі нысан ретінде облысымыздың жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне, Қазақстанның киелі жерлер картасына енгізілсе және қабір басын көтеріп, кесене тұрғызылса, туристердің де келуіне  себеп болатыны сөзсіз. Сондықтан, киелі нысан ретінде мемлекет тарапынан қорғалып, даңқын асырып,  дәріптеу қажет-ақ!

 Салтанат Өтелбаева

 

 

Жаңалықтармен бөлісу