Арқалық қаласының тұрғыны Кәмилә Дәуітбайдың төлқұжатында туған жылы мен айы 1916 жылдың 17 – ші маусымы деп көрсетілген. Демек, қазір қария құжат бойынша 107 жаста.
Балалық шағы ауыр еңбекпен, заманның түрлі қиыншылықтарымен өткен. Жеті жасында қозы – лақ бағып, сауыншылардың ыдыстарын жуып, шөп тырмалаған. Ала таңнан тұрып, егін суаратын арықтарды тазалаған. Жазда кигіз үйде, қыста жер кепеде өмір сүрген. Ағасының үш баласы, өздері бес қыз барлығы бір үйде тұрып, тамақты бөліп ішкен.
«Тамағымыз талқан, құрт пен ірімшік. Тарыны жинап, талқан қылып түйіп, сол талқанға кірешілер арқылы мата алдырыпүстімізге киім етіп кидік. Қант – шайды үнемдеп тұтындық. Жағдайымыз жетпісінші жылдары ғана жақсарды ғой», – деп жастық шағын еске алады көпті көрген кейуана.
Арқалық қаласының қазіргі Қайыңды ауылында, кейін Аманкелді ауданының Еңбекші ауылында тұрған. Он жасында Шыңсай ауыл советіндегі бастауыш мектепке барады. Ол жерде 5-6 сыныпқа дейін оқып, 7-8 сыныптарда Аманкелді ауданының Үрпек ауылындағы мектеп – интернатта білім алады. Әрі қарай мүмкіндік болмай оқуды тәмәмдауға тура келеді.
Он жеті жасында тұрмыс құрады. Жолдасы Шайкамал Дәуітбаев «Чкалов», «Коммунизм жолы»колхоз – совхоздарында отыз жылдан астам уақыт шопыр болып жұмыс істепті.
«Марқұм отағасым сондай еңбекқор, ертелі – кеш тыным таппайтын жан еді. Ертеде тақтай машиналар болды, соны жүргізді. Үйлер салына бастағанда құрылыс материалдарын тасыды. Қойшыларды көшірді. Қыс айларында малшылардың көмекшісі болды. Мен баламен үйде отырдым. Бертін келе мектептің еденін жуып, бала санымен зейнеткерлікке шықтым»,-дейді 12 құрсақ көтерген батыр ана.
Заманның қандай қиындығы кезіксе де мойымай, адал еңбекпен өмір сүріп, ұрпағын өсіріп – жеткізген асыл әже бүгінде шөбереден шөпшек сүйіп отыр.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы