Арқаның жас қаласы Арқалықта котежді қалашық бой көтереді. Бүгінде құрылыс салатын аумақтың орны белгіленіп, инженерлік желілері тартылып қойған.
Былтыр осы болашақ котеждер қалашығының коммуналдық жүйесін жабдықтау жұмыстары аяқталды. Биыл енді кезекте тұрған азаматтарға жер телімдерін беру шаралары басталып жатыр.Осылайша, кезінде облыс орталығы болып, өзінің шарықтау шегінде тұрғындарының саны жетпіс мыңға дейін жеткен шағын қаланың қайта дәуірлеу шағы басталғалы тұр.
Котежді қалашық бой көтереді
Котежді қалашық салынатын орын қаланың бұрынғы №7 мөлтек ауданы орналасқан жерде. Бұл арада уақытында көпқабатты тұрғын үйлер, мектеп, балабақша, сауда үйлері сияқты зәулім де сәулетті нысандар қоныс тепкен болатын. Кейінгі тоқырау жылдарында тұрғындары үдере көшуі себепті бос қалғанғимараттардың иесіз қалуы салдарынан бүлініске ұшырап, көп жылдар бойы қаланың көркін бұзып, адамдардың өміріне қауіп туғызып тұрғаны да баршаға мәлім.
Есік – терезесінен айрылып, көрген жанға үрей шақырып тұрғанқұрылыс қаңқалары да келмеске кетті. Апатты нысандар мемлекет көмегімен сүріліп, орнына құрылыс салу мәселелері қолайлы кезеңді күткен еді. Дегенмен, бұрын қала іргесіндегі «Северный» кентін жалғастырып жатқан ауқымды мөлтек ауданның көзден ғайып болуы қала көлемі мен сәулетін ойсыратып – ақ тастаған. Ат шаптырым жерқұлазып, қамыс – қурай өсіп, адам айтқысыз аянышты күйге ұшырап, жетімсіреп жататын. Енді, міне сол жердің айы қайта оңынан туып, екінші тынысы ашылғалы тұр.
Өтпелі кезең өтіп, қаланың тынысы қайта ашыла бастады. Қала құраушы кәсіпорын Торғай боксит кен басқармасы жұмысын тоқтатқанымен қырық шырақты қаланың тіршілігі тоқтаған жоқ. Кешенді бағдарламалар көптеп тартылып, мемлекет қолдауының үзілмеуінің нәтижесінде ел кәсіпкерлікке бет бұрып, жаңадан өндіріс орындары ашыла бастады.Қаланыңбас жоспары қайта жасалды. Онда қай жерде қандай құрылыстың салынатыны айқын көрсетілген. Алдағы құрылыс жұмыстары да осы бас жоспарға сай жүргізілетін болады.
Арқалық қалалық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы
Өміржан Кенжебекұлы:
– Қазіргі таңда өздеріңіз көріп отырғандарыңыздай котедж үйлер салынатын қаланың №7 шағын ауданының сыртқы инженерлік желілерінің құрылысы аяқталды. Оның құрылыс – монтаждау жұмыстарын 2022 жылғы 6 мамырдағы келісім – шартқа сәйкес «Теплоэнергострой» ЖШС жүзеге асырды. Инженерлік желілердің құрылыс жұмыстарына қарастырылған 362 млн 600 мың теңге игерілді. Келісім-шартты іске асыру негізінде бұл аумақта 4 км су құбыры, 4 км кәріз құбыры, 6 км электр желілері тартылды. Құрылыс салынатын аумақта 260 баған және 1 трансфарматор орнатылды. 2024 жылдың 26 желтоқсанынданысан құрылысы аяқталып, қабылдап алдық. Қазіргі уақытта тұрғын үй құрылысын салу үшін қалалық жер қатынастары бөлімі арқылы жер кезегінде тұрған азаматтарға заңды тиесілі жер телімдерін беру жұмыстары жүргізілуде. Котежді қалашық үйлерін тұрғындардың өздері салады. “Алдын ала талдау жасап, құрылысты салып берсе қалай қарайсыздар?» – деп кезекте тұрған адамдармен сауалнама жүргіздік. Тұрғындар оны қымбатсынып отыр. Біздің ұсынысымыз бойынша котедж салған уақытта құрылыс шығыны меншік иелерінің өз қаражаттарына және қосымша үкіметтің субсидиялауымен жүзеге асар еді. Жер телімін алушылар одан бас тартты. Қаражатымыз жоқ, несие тарихымыз нашар деп келіспеді. Өз тарапымыздан айтар болсақ, котеждер қалашығының сырт көшесінің 40 үйін үкімет салады деп жобалап отырмыз. Әрмен қарай мұндай салып беруден бас тартқандары себепті, оны қалай етіп салам десе де адамның конституциялық құқы.Қысқасы, салатын үйінің архитектуралық сипатын әр адам өзі біліп, өзі шешеді.
Жер телімдерін беру басталды
Халық сарғая күткен жер телімдерін алып, өз меншігіндегі тұрғын үйлерін салу процестері басталады. Бүгінде қалалық жер қатынастары бөлімі ұзақ жылдар бойы жер телімдерін алу кезегінде тұрған азаматтарға хабарламалар беріп, тиісті құжаттарын рәсімдеу үстінде.
Айгүл Сағымбайқызы,
Арқалық қалалық жер қатынастары бөлімінің бас маманы:
– Арқалық қаласында №7 шағын ауданда тұрғын үй салу үшін бірнеше құрылыс салушылар шақырылды. Алдын ала олардың есебі бойынша 1 шаршы метр тұрғын үйдің құны, логистиканы ескере отырып, 290 мың теңгені құрайды. Осылайша, алдын ала ауданы 100 м2 үй салу кезінде тұрғын үйдің құны 29 млн теңгені құрайды. Аталған үйлерді қолма-қол ақшамен де, ипотекалық несиелеу арқылы да сатып алуға болады. Мысалы, «Отбасы банк» АҚ арқылы ипотекалық кредиттеу кезінде кезекте тұрғандардың салымы, тұрғын үй құнының кемінде 20% – і және жақсы кредиттік тарихы болуы тиіс.
Жоғарыда айтылғандай, кезекте тұрғандар арасында тұрғын үйді көрсетілген бағамен сатып алғысы келетіндердің санын анықтау тұрғысынан сауалнама жүргізіледі. Ұсынылған бағамен тұрғын үй сатып алғысы келетін кезекте тұрғандар қажетті санға жеткен жағдайда, №7-ші шағын ауданда үй салу жұмысы басталатын болады.
Мәлімет үшін, №7 шағын ауданда инженерлік желілер, атап айтқанда электр, орталық су құбыры және кәріз жүйесі салынған тұрғын үй құрылысына арналған 162 жер учаскесі бар. Бұдан басқа, қазіргі уақытта осы шағын ауданды орталық жылумен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
2013 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін алуға, кезекте 818 адам тұр.
Кезекте тұрғандардың сауалнамасына сәйкес, барлығы өз пікірлерін ауызша білдірді:
– «Құрылыс салушыларға қарсы» – 24;
– «Құрылыс салушыларға жақтасқандар» – 2.
Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесіне кезекте тұрған азаматтарға айтарымыз бүгінгі таңда Арқалық қаласы №7-ші шағын ауданынан жер учаскелерін тарату басталды.
Осыған сәйкес, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесіне кезекке сәйкес №1-170 аралығында кезекте тұрған азаматтарды «Арқалық қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (Абай даңғылы 29, 5 қабат, 524 кабинет) келуді сұраймыз.
Ел атамекеніне оралмақ
Есенғазы Әміржанұлы,
жер телімін алушы:
– Көптен бері осы өңірден жер алып, үй салсам деп жүрген адамдардың бірімін. Үй салуға жер алу үшін арнайы төлемсіз демалыс алып келдім. Өзім осы Торғай жерінің тумасымын. Амантоғайда туып-өстім, сол жерде қызмет істедім. Қазір Астана қаласында тұрамын. Елде жер беріп жатыр деген хабарды естіп келген бетім. Жер алып, үй салып, елге оралатын ниетіміз бар. Сол үшін келіп тұрмын.
Бұдан бірнеше жыл бұрын Арқалық қаласынан жер телімін алуға кезекке тұрғанмын. Анықтамамды тапсырып жатырмын. Жерді береміз деп жатыр. Үйді өз күшіммен салмақшымын. Жас кезімде құрылыс саласында істеген адаммын. Бұл саладағы тәжірибем жеткілікті. Көмектесетін адамдарым да бар.
Киелі Торғай жері небір алыптарды дүниеге әкелген. Біз сол текті аталардың ұрпақтарымыз. Арқалығымыз көркейіп, бұрынғыдай көлемін үлкейтеді, қаламыз дәуірлеу кезеңін қайтабастан кешеді деп қуанып жатырмыз.
Өтпелі кезең қиындықтары алыстаған сайын болашаққа деген сенім жарқын. Олай болса, халқы қайта шоғырланып, талай жақсы мен жайсаңдарға құтты мекен болған астықты өлке Арқалықтың қанат жаятын күні де алыс емес.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген автор
Арқалық қаласы