Арқалық қаласын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары алдағы жылы да қарқынды жалғасын табады. 2024 жылы облыстық бюджеттен бөлінген 732 млн теңгеге отызға тарта көппәтерлі тұрғын үйдің шатыры мен қасбеттеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қаланың «Наурыз» алаңы мен орталық көшелеріне төсемтас төселеді. Сондай-ақ, 8 балалар ойын алаңы орнатылады.
Жағымды жаңалықтармен қала әкімі Әмірхан Асанов ардагерлермен жыл айрығындағы кездесуінде бөлісті.
«Биыл Арқалық қаласының бюджеті17 млрд теңгені құрады немесе 2022 жылмен салыстырғанда 2,4 %-ке өсті. Қала тұрғындарын сумен қамтамасыз ету бағытында ұзындығы 21 шақырым болатын су құбыры желілерін реконструкциялаудың 1-ші кезеңі аяқталды. Ашутасты, Аңғар, Екідің, Қайыңды және Әбдіғапар хан ауылдарында да ауыз су мәселесі оң шешімін тапты. Жылу желілерін реконструкциялаудың 1-ші кезеңі (7 км) аяқталып, 2-ші және 3-ші кезеңдерінің жобалық құжаттамасы әзірлену үстінде», –деді қала әкімі Әмірхан Асанов.
«Ауыл ел-бесігі» бағдарламасы аясында Родина, Ашутасты, Фурманов, Восточный ауылдарында жалпы ұзындығы 21 шақырым көше жолдарына орташа жөндеу жүргізілді. Қала көшелерін электр жарығымен қамту 95% – ті құрады. Қалаға қарасты 16 ауылда ұзындығы 66 шақырымнан астам көше жарықтандырылды.
Кездесуда сан салада қызмет істеген, өмірлік тәжірибелері мол ардагерлер көптің көкейінде жүрген мәселелерді ортаға салып, ұсыныс – пікірлерін жеткізді. Көпқабатты үйде газ баллон пайдаланудың қауіптілігі, «Арқалық -Алматы» вагондарының алынып тасталуы, «Арқалық-Астана» жолаушылар пойызындағы вагондардың ескіргені, мердігерлердің жұмысты сапалы атқаруын жіті қадағалау, көпқабатты үйлердің күтімі, қалалық «Аналар кеңесіне» жеке орын қажеттігі т.б. мәселелер айтылды. Қала әкімі сұрақтарға жеке – жеке тоқталып, олардың шешілу жолдарын түсіндіріп өтті. Бірқатар мәселелер мәжіліс депутаттарының назарына ұсынылатын болады.
Таяуда қалаға қоныс аударған, есімі елге кең танымал Мұхтар Қоденов ақсақал бата беріп, салт-дәстүрімізге сай абыз қарияның иығына шапан жабылды.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ