Біздің облысымыздың қалаларында ғана емес, ауылдық жерлерде де тұрғын үй салу өте маңызды. Биыл бұл шаруа облыс бойынша несие шартымен алғаш рет Федоров ауданында қолға алынды.
“Жаңа жылға бірнеше күн қалғанда, 24 пәтерлік жалға берілетін үй пайдалануға беріліп отыр. Бұл пәтерлердің жартысы халықтың әлеуметтік осал топтарынан кезекте тұрғандарға, қалғаны медицина қызметкерлеріне арналған. Бұл біздің облыста аудан орталығында салынған алғашқы несиелік үй”, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Аудандық аурухананың бас дәрігері Мылтыққали Сырғабаевтың айтуынша, медицина қызметкерлеріне арналған 12 пәтер дәрігерлер мен орта медициналық қызметкерлерге бөлініп отыр. Биыл осы мекемеге төрт дәрігер мен бес медбике қызметке тұрған.
Қуанышқа бөлініп отырған жандардың бірі көп балалы Калеевтар отбасы. Федоров ауданының Кеңарал селолық округіне қарасты Жыланды ауылының тұрғындары. Ауылда азын аулақ мал шаруашылығымен айналысады. Отағасы Мұрат жергілікті суармалы егін шаруашылығында механизатор болып еңбек етеді.
“Көп балалы ана ретінде үкіметтің кезекпен аудан орталығынан үй беретінін естіп жүргенмін. Бір күні халыққа қызмет көрсету орталығына соқтым. Балалар өскенде өздеріне үй болсын деп, пәтердің кезегіне тіркелдім. Бүгін кілтін алып қуанып жатырмыз. Бір жағы аудан орталығына жақындағымыз келді. Әсіресе, қыстың күндері қалаға қатынауға жол алыс болатын”, – дейді от анасы Сәндігул Сағидоллақызы.
Ал Грибколар отбасында қос қуаныш. Сергей мен Венераның кенжесінің туған күні.
“Көп балалы жанұя ретінде баспана алдық. Осыдан екі-үш жыл бұрын кезекке тапсырыс берген едік. Жақында жаңа үйден кезек келіп тұрғанын айтты. Міне, облыс әкімі өзі келіп,үйдің кілтін берді. Пәтер кең әрі жайлы. Шаңырағымызға теледидар мен сервис сыйлады. Үйіміздеағы бір қуаныш болып жатыр . Ең кенже баламыз үш жасқа толды. Сонымен баспаналы болуымыз тұспа-тұс келіп отыр”, – дейді Венера Бөлегенқызы.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев